«Егіздің біреуінде жүрегі тоқтап қалды»: Ерке Есмахан ешкім білмейтін естелігін бөлісті

Оның айтуынша, ұлы Ислам дүниеге келгеннен кейін арада небәрі 10 ай өткенде қайтадан жүкті екенін білген.

Танымал әнші Ерке Есмахан ұлы Батырдың бір жасқа толуына орай осы уақытқа дейін көпшілікке айтпаған жан сырын бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жүктілік кезінде басынан өткен ерекше оқиғаны баяндады. Оның айтуынша, ұлы Ислам дүниеге келгеннен кейін арада небәрі 10 ай өткенде қайтадан жүкті екенін білген.

Алғашқы ультрадыбыстық зерттеу кезінде дәрігерлер әншіге егіз бала күтіп жүргенін айтқан. Алайда кейінгі тексерулердің бірінде егіздердің бірінің жүрек соғысы тоқтап қалғаны анықталған.

«Бірінші скринингте егіздердің бірінің жүрек қағысы жоқ екенін айтты. Ал екіншісі жақсы дамып жатты. Кейінгі тексерулерде де Батырдың дені сау, қалыпты өсіп келе жатқанын білдік», – деді әнші.

Ерке Есмахан тоғыз айдан кейін ұлы Батырдың аман-есен дүниеге келгенін айтып, бүгінде бүлдіршіннің дені сау өсіп келе жатқанына шүкіршілік ететінін жеткізді.

«Батыр бүгін бір жасқа толды. Қазір былдырлап сөйлеп, күліп, еңбектеп, бізге қуаныш сыйлап жүр. Дені сау, Аллаға сансыз шүкір!», – деп жазды өнер иесі.