Екі дүркін әлем чемпионы, 50 келідегі Санжар Тәшкенбай Қытайда өтіп жатқан Әлем кубогының 1/4 финалында Қырғызстан өкілі Анваржан Ходжиевпен жұдырықтасып, жеңіске жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жекпе-жек 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтіп, үш раундқа созылды. Төрешілер әр раундта жеңісті бірауыздан қазақстандық боксшыға берді. Кездесу 5:0 есебімен Санжар Тәшкенбайдың пайдасына аяқталды.
Аталған турнирде үшінші орын үшін жекпе-жектер өткізілмейді, сондықтан ширек финалдағы жеңіс қазақстандық спортшыға кем дегенде қола медальды қамтамасыз етті.
Еске сала кетейік, Санжар Тәшкенбай 48 және 50 келіге дейінгі салмақтарда әлем чемпионаттарында топ жарған, сонымен қатар ол қазіргі уақытта World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы.