Жоғары оқу орнына құжат қабылдау басталады

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі айтты.

Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарында 20 маусымнан бастап қабылдау комиссияларының жұмысы басталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

ҰБТ нәтижесімен ақылы бөлімге түсуді жоспарлаған талапкерлер осы күннен бастап өздері таңдаған жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алады.

Ал мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысуға өтініштер 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында қабылданады. Талапкерлер өтініштерін кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы, сондай-ақ жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары мен eGov порталы арқылы онлайн форматта жолдай алады.

Министрліктің мәліметінше, биылғы шекті балл деңгейі өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ларға 50 балл жинау қажет. «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттары бойынша шекті балл – 75, ал «Денсаулық сақтау» саласы үшін – 70 балл.

Мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімі 2026 жылғы 10 тамызға дейін жарияланады.

Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.