Әкелер күніне орай Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) заманауи қазақстандық отбасындағы әкенің рөлі туралы талдамалық материалдың екінші кезегін ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл бөлімде ата-ана міндеттерін күнделікті негізде бірлесе атқару, жауапкершілік туралы түсініктің эволюциясы және қазақстандық ер-азаматтардың балаларымен қарым-қатынасының сапасын қалай бағалайтыны қарастырылады.
Әлеуметтанулық деректерге сәйкес, отбасының асыраушысы ретіндегі әке бейнесі біртіндеп өзгеріп келеді. Оның орнына тұрмыстық мәселелерге, балалардың бос уақытын ұйымдастыруға, шешім қабылдауға және ең бастысы - баламен эмоционалдық байланыс орнатуға белсенді қатысатын әке бейнесі қалыптасуда.
Балаға қарау және оның бос уақытын ұйымдастыру енді жалғыз ананың мойнына артылған жауапкершілік болудан қалған. ҚҚДИ жүргізген «Қазақстан отбасылары» зерттеуінің нәтижелеріне сәйкес, еліміздегі отбасылардың басым бөлігінде бұл міндеттерді ата-аналар бірлесе атқарады.
Көрсеткіштер Қазақстанда әкелердің баланың күнделікті өміріне белсенді қатысуы ерекше жағдай емес, керісінше, отбасылардың басым бөлігінде қалыптасқан тұрақты тәжірибе екенін айғақтайды.
Отбасыны материалдық қамтамасыз етуге қатысты көзқарас та өзгеріліп келеді. Негізгі асыраушы ретінде ер адамның жауапкершілігіне негізделген дәстүрлі модель әлі де басым болғанымен, ол енді жалғыз қалыптасқан үлгі емес.
Басқаша айтқанда, қазақстандық отбасылардың шамамен жартысы қаржылық жауапкершілік ерлі-зайыптылар арасында ортақ бөлінетін серіктестік модельге көшкен.
Балалардың өміріне тереңірек араласуға кедергі келтіретін факторлардың бірі - жұмысбастылық. Қазақстандық ерлердің 60,4%-ы осы себепке байланысты отбасына жеткілікті уақыт бөле алмайтынын ашық мойындайды.
Мұндағы мәселе бала тәрбиесіне қатысуға деген ниеттің жоқтығында емес, уақыттың тапшылығында. Әкелердің басым бөлігі бұл жағдайды өзекті мәселе ретінде қабылдап, балаларымен көбірек уақыт өткізуге және олармен жақын қарым-қатынас орнатуға ұмтылады.
Әсіресе әкенің рөліне қатысты көзқарастардың өзгеруі айқын байқалады. Қазақстандық ер-азаматтардың 82,7%-ы бала тәрбиесі – әкенің де, ананың да ортақ міндеті әрі бірлесе атқаруды талап ететін жауапкершілік деп есептейді.
Салыстыратын болсақ, 2022 жылы ер-азаматтардың 54,9%-ы бала тәрбиесіне тікелей араласқаннан гөрі, оны материалдық жағынан жақсы қамтамасыз ету маңыздырақ деп санаған. Бұл өзгеріс дәстүрлі асыраушы рөлінен баланың тұлға болып қалыптасуына белсенді қатысатын, бағыт-бағдар беретін әрі тәлімгер бола алатын әке бейнесіне көшу үрдісін көрсетеді.
Тәрбие беру тәжірибесіндегі бұл өзгерістер әкелер мен балалар арасындағы қарым-қатынастың сапасына да тікелей әсер етуде. Қазақстандық ерлердің 78,7%-ы балаларымен арадағы қарым-қатынастың бұрынғыдан да сенімді бола түскенін атап өтеді.
Әкелердің өздері де негізгі мәселе баланың жанында болуға деген ниеттің жоқтығында емес, оған мүмкіндік беретін жағдайлардың, ең алдымен уақыттың, жетіспеуінде екенін айтады. Ал мұндай жағдайлар жасалған кезде ата-ана мен бала арасындағы өзара сенім нығая түседі.
Ұсынылған деректер Қазақстандағы әкелердің тұтас бейнесін көрсетеді: қазіргі әкелер сенімге негізделген серіктестік қатынасты ұстана отырып, бала тәрбиесіне, үй шаруасына анамен бірге белсенді қатысуды қалыпты санайды.