The Associated Press материалына сүйенген Aikyn.kz ЖИ дәуірінде «жаңа әлеуметтік нормалар» неге қажет болатынын түсіндіреді.
Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуангтың пікірінше, адамзат жаңа технологиялық дәуірге бейімделу үшін «жаңа әлеуметтік нормалар» қалыптастыруы керек. Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Хуанг жасанды интеллектке қатысты қоғамдағы алаңдаушылықтарға жауап беріп, адамдарды бұл технологиядан қорықпауға шақырды.
«Бізге жаңа әлеуметтік нормалар қалыптастыру қажет. Мен барша адамға жасанды интеллекті қолдануды ұсынар едім. Тек қолданып көріңіздер», – дейді Nvidia басшысы.
Бүгінде жасанды интеллект еңбек нарығына, білім беру жүйесіне, ұлттық қауіпсіздікке және күнделікті өмірге әсер ететін маңызды факторға айналды. Бір жағынан, ол өндірісті жеделдетіп, ғылыми-зерттеулердің тиімділігін арттырады. Екінші жағынан, жұмыс орындарының қысқаруы, цифрлық бақылау және әлеуметтік теңсіздіктің өсуі туралы алаңдаушылық күшейіп келеді.
Дженсен Хуангтың пікірінше, қоғам бұған дейін де осындай технологиялық өзгерістерден өткен. Ол мысал ретінде автомобильдердің пайда болуын айтады. Кезінде көліктер қоғам үшін қауіпті жаңалық ретінде қабылданған. Бірақ уақыт өте келе адамдар жол ережелерін, жаяу жүргіншілер өткелдерін және қауіпсіздік стандарттарын енгізіп, жаңа технологияға бейімделді.
«Автомобиль алғаш пайда болған кезде адамдар оны балаларды қағып кететін қауіпті құрал деп ойлады. Кейін қоғам жаңа ережелер мен қауіпсіздік нормаларын қалыптастырды», – дейді ол.
Хуанг жасанды интеллектінің ең маңызды артықшылықтарының бірі технологиялық теңсіздікті азайту деп санайды. Оның айтуынша, бүгінде күрделі бағдарламалау тілдерін білмейтін адамдардың өзі ЖИ көмегімен веб-сайт жасап, күрделі құжаттарды талдап немесе зерттеу жұмыстарын жүргізе алады. Сонымен бірге Nvidia басшысы мемлекет тарапынан реттеу мен қауіпсіздік стандарттарының қажет екенін мойындайды. Әсіресе, ұлттық қауіпсіздік мәселесі басты назарда болуы тиіс деп есептейді.
«Кез келген технологияны дамыту кезінде ұлттық қауіпсіздік әрқашан бірінші орында тұруы керек», – дейді ол.
«Америка энергия өндіру бойынша артта қалып келеді. Біз энергетика саласын тым ұзақ уақыт шектеп келдік», – дейді Nvidia жетекшісі.
Бүгінде Nvidia нарықтық құны шамамен 5 триллион долларға жеткен әлемдегі ең қымбат компаниялардың бірі саналады. Оның табысы жасанды интеллект революциясының негізгі қозғаушы күшіне айналғанын көрсетеді. Алайда Хуангтың басты ойы технология туралы емес. Оның пікірінше, жасанды интеллектінің болашағы компьютерлердің мүмкіндігіне ғана емес, қоғамның оған қалай бейімделетініне байланысты болады. Сондықтан алдағы жылдары ең үлкен өзгеріс технологияда емес, адамдардың жаңа цифрлық әлемде өмір сүру мәдениетіне ауысатын болады.
Aikyn.kz сайты соңғы жылдары Nvidia, оның чиптері мен бас директоры Дженсен Хуанг туралы көптеген материал жариялап келеді. Nvidia Қазақ еліне келуі үшін компанияны президент шақыруы керек деген біздің болжамымыз дұрыс шықты. Дженсен Хуангтың ерекшелігі – технологиялық оптимизмді ұлттық мүдде, білім, еңбекқорлық және әлеуметтік жауапкершілік мәселелерімен ұштастыра білуінде. Ол жасанды интеллекті тек бизнес құралы емес, қоғамды дамытатын технология ретінде қарастырады. Екібастұздағы деректерді өңдеу орталықтарын (data center) ашуға Дженсенг Хуангтың келуін күтейік. Одан көп үйренуге болады...