«Ешқандай кешірім жоқ»: Әл-Фараби даңғылындағы жол апатында қаза тапқан Томиристің әкесі сотта сөйледі

Әкесінің сөзінше, марқұмның анасы өтемақы алғанымен, бұл оның жеке көзқарасын өзгертпейді.

Алматыдағы жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқан Томиристің әкесі сотта сөз сөйлеп, күдікті Александр Пакты кешірмейтінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жәбірленуші қызының тәрбиесі мен біліміне бар күш-жігерін жұмсағанын айтып, оның жарқын болашағынан үлкен үміт күткенін жеткізді. Сондай-ақ ол бұрынғы жұбайымен 2018 жылдан бері бірге тұрмайтынын, алайда бұл жағдайдың оның ұстанымына әсер етпейтінін атап өтті.

Әкесінің сөзінше, марқұмның анасы өтемақы алғанымен, бұл оның жеке көзқарасын өзгертпейді.

«Маған бәрі хабарласып, кешірдің бе деп сұрайды. Бірақ менің айтарым біреу ғана – ешқандай кешірім жоқ», – деді ол сот отырысында.

Еске салайық, бұған дейін жол апатынан көз жұмған өзге екі адамның туыстары Александр Пакты кешіріп, оған шартты жаза тағайындауды сұраған болатын.