Балқан түбегімен байланыстырған тарихи сапар

Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Черногория Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бір - біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы мәрте­белі мейманға ілтипат танытып, Черногория Президентінің сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

– Президент мырза, Қазақ­станға ресми сапармен кел­геніңіз­ге өте қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшы­сының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ мұны еліміз үшін өте маңыз­ды уақиға ретінде қарас­тырамыз. Келіссөз­деріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қаты­насқа тың серпін беретініне се­німім кәміл. Чер­ногорияны хал­қы­мыз жақсы біледі. Көп­теген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсер­мен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынты­мақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл эко­номикалық және іскерлік бай­ланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсе­теді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан Черногориямен өзара қы­зығу­шылық танытқан барлық бағытта тығыз ықпалдастық ор­на­туға дайын екенін растады. Пре­зиденттің айтуынша, сауда-инвестиция, көлік байланысы, цифрлық шешімдер, ауыл ша­руа­шылығы, туризм және тағы басқа салалар бірлескен жұмыс­тың басым векторы болуға тиіс.

Яков Милатович Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.

– Құрметті Президент! Ең ал­ды­мен Қазақстанға шақыр­ғаныңыз үшін алғыс айтамын. Өзіңіз атап өткендей, бұл – Чер­ногория Президентінің Қазақ­станға алғашқы ресми сапары. Бүгін біз екіжақты ынтымақтас­тықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыс­тарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары биз­нес форум өткізеді, бірқатар ме­морандумға қол қойы­лады. Чер­ногория Қазақстан аза­мат­­тары үшін танымал бағыттар­дың бірі екенін білеміз. Осы тарап­тағы байланыстарымызды кү­шей­те түскіміз келеді. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктес­тікті кеңейту мүмкіндіктерін де тал­қылаймыз, – деді Черногория Президенті.

Қарым-қатынасты жандандыруға ниетті

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Екі елдің ресми делегация мү­шелерінің қатысуымен жалғас­қан келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақ­тастық перспективасы талқы­ланды.

Мемлекет басшысы Черно­горияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктес­тері­нің бірі ретінде атады. Сонымен қатар ел басшылығының Еуропа Одағына мүше болуды көздеген сындарлы әрі дәйекті саясатына жоғары баға берді.

– Президент мырза, Сіз ре­формаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер сана­латын Черногорияның позиция­сын нығайтуда маңызды рөл ат­қарып келесіз. Осы ұлттық ст­ра­­тегиялық мақсатқа жету жо­лында табыс тілейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның Черногориямен серіктестік қарым-қатынасты жандандыруға ниетті екенін жеткізіп, соңғы жылдары тұрақты сипат алған жо­ғары деңгейдегі саяси байла­ныстардың арқасында ынтымақ­тастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Подгорицада Қазақ­стан Бас консулдығының ашы­луы Астананың екіжақты байла­ныстарды барынша кеңейтуге бейіл екенін көрсетеді. Осы орай­да Президент елордамызда Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашу, сондай-ақ пар­ламентаралық байланыстарды күшейту жөніндегі қарымта қадамдардың маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы бизнес өкілдерінің бүгінгі кездесуі мен сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум іскерлік қа­тынастарды дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

– Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компа­ния­ларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағ­дай жасауға дайынбыз, – деді Президент.

Дипломатияның 20 жылдығы

Яков Милатович Қазақстанға сапары екіжақты дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр­ғанына мән берді.

– Бұл сапар саяси тұрғыдан екі ел арасындағы сенім деңгейі жоғары екенін байқатады. Оның іскерлік бөлігіне жауапты Эко­номикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойы­латын Өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономика­лық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын, – деді Чер­ногория Президенті.

Оның айтуынша, Қазақстан визасыз режим қолданылатын елдердің қатарына кіреді.

– Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы ке­зеңін­деміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серік­тестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ, – деді Яков Милатович.

Тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрлан­дыру сияқты экономиканың басты секторларындағы ынты­мақ­тастықты арттыру мүмкіндік­терін қарастырды.

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары екі елдің туризм, жоғары білім және ғылым сала­ларындағы серіктестігін, мәдени-гуманитарлық байланыстарын ілгерілетуге уағдаласты. Бұл бас­тама­лар халықтарымыздың дос­тығы мен өзара түсіністігін ны­ғайта түседі.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Ұлттық кі­тап­ханасы жанынан Абай орта­лығын ашуға ықпал еткені үшін Яков Милатовичке риза­шылы­ғын білдірді.

Бұдан бөлек, президенттер жаһандық және өңірлік күн тәр­тібіндегі өзекті мәселелер жөнін­де пікір алмасты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Сапар аясында туризм, БАҚ саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ екі елдің сау­да-экономикалық палаталары ара­сында байланыс орнатуға ба­ғыт­талған құжаттарға қол қо­йылды.

Басқосулар нәтижесінде Қа­зақ­стан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті Яков Милатович бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекеттер басшылары 11 тармақтан тұратын маңызды келісімдерге қол қойғаны жария етілді.