Сенімге құрылған ынтымақтастық

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Польша Республикасы Парламенті Сенатының Маршалы Малго­жата Кидава-Блоньскаямен кездесті. Тараптар екіжақты ын­тымақтастықты және пар­ламент­аралық өзара іс-қи­мылды одан әрі нығайтудың келе­шегін талқылады.

Мәулен Әшімбаев Маршалдың сапары Қазақстан мен Польша екіжақты қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделі екенін көрсе­тетінін атап өтті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы өзара байланысты пар­ламентаралық дең­гейде және халықара­лық ұйымдар аясында арттырудың маңыз­ды екеніне тоқталды.

«Польша – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды серіктестерінің бірі. Біздің елдеріміздің қарым-қатынасы өзара сенім мен сындарлы ынтымақ­тастыққа табан тірейді. Саяси диалог жолға қойылып, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс дәйекті түрде дамып келеді. Мәдени-гумани­тар­лық ынтымақтастық та кеңеюде. Жоғары деңгейдегі, яғни мемлекет басшылары­ның кездесулері мен сыртқы саяси вед­омстволар арасындағы байланыс тұрақты түрде жалғасып келеді. Екі ел Парла­менттері арасындағы қарым-қатынас та қарқынды дамуда», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Қазақ­станда жүзеге асырылып жатқан реформа­ларға назар аударды. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды жаңғыртулардың жүйелі жалғасы саналған конституциялық реформаның маңызды міндеттеріне баса мән берілді. Мәулен Әшімбаев аталған бағыт әділеттілік, заң үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі қағидаттарына негізделгенін атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 15 наурызда жаңа Конс­титуция қабылдау жөнінде респуб­ли­калық референдум өтті. Конституциялық реформаның негізгі мәні – мемлекет­тілікті, тәуелсіздік пен егемендікті нығайту. Бұл қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында айрықша маңызға ие. Реформа аясында азаматтардың әл-ауқатын арттыру, адам капиталын нығайту, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау сияқты еліміздің ұзақмерзімді дамуының негізгі басымдықтары нақты айқындалды. Алғаш рет Ата заңның құрылымы адамды және оның жан-жақты дамуын басты құн­дылық ретінде белгілеп, қалып­тастырылды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейтін бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін де талқылады.

Өз кезегінде Малгожата Кидава-Блоньс­кая қонақжайлық пен мазмұнды кездесу үшін Мәулен Әшімбаевқа ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға және парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Айта кетейік, Польша Сенаты Мар­ша­лының сапары аясында жоғары деңгейдегі кездесулер, сондай-ақ Сол­түстік Қазақстан облысының жұртшы­лығымен жүздесу және поляктардың Қазақстанға депортациялан­ғанына 90 жыл толуына арналған еске алу іс-шара­ларына қатысу жоспарланған.