Жазғы демалыс балаға жайлы ма?

Жаз келісімен барлық ата-ананың басты мәселесі – «балаларды қайда және қалай демалтамын?» деген сұрақ екені белгілі.

Қаржысы жеткендер балаларын еліміздің ірі қалалары Алматы, Шымкентке, біреулер шетелге демалысқа жіберіп жатады. Енді біреулер мектеп, оқушылар сарайы жанындағы лагерьлермен шектеледі. Атырау облысында биыл жағдай қалай? Балалар демалысы қалай ұйымдастырылуда?

Атырау облыстық Білім беру басқармасынан білгеніміздей, биыл 147 мыңнан астам оқушы­ның 95 пайызын жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қам­ту жоспарда. Бұл мақсатқа жер­гілікті бюджеттен 778,6 мил­лион теңге бөлінген. Алайда өңір­де балалар тәулік бойы алаңсыз демалатын лагерьлердің тапшы­лы­ғы әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Бүгінде облыста балаларды тоқ­сандық демалыс сайын қабыл­дайтын лагерь жоқ. Бір кездері өң­ірдегі басты демалыс орын­да­ры­ның бірі болған «Тұлпар» лагері бірнеше жылдан бері жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан мыңдаған баланың сапалы жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. 

Білім беру басқармасының мә­ліметінше, жазғы маусымда өңір­дегі үш сауықтыру лагерінде 3 018 оқушы демалады. Оның іш­інде, Индер ауданындағы «Жас Өркен» лагерінде 1008 бала, Махамбет ауданындағы «Арай» лагерінде 420 оқушының тынығуы ұйымдастырылуда.

Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шық­­­қан 1 500 бала Ресей Федера­циясының Железноводск қала­сындағы «Қазақстан геологі» ем­деу пансионатына жіберілуде. Бұдан бөлек, 1 367 оқушы еліміз­дің басқа өңірлеріндегі лагерь­лерде демалады.

Атырау облыстық Білім беру басқармасы тәрбие бөлімінің бас маманы Қадыржан Сапаровтың айтуынша, балалардың жазғы дем­алысын ұйымдастыру жергі­лікті бюджет және демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда.

– Бұл бағытта «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорымен бір­лес­кен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар білім беру ұйым­дарының жанынан 100-ге жуық лагерь ашу жоспарланған. Оның бір бөлігінде балалар тамақпен қамтылса, қалғандары бейіндік бағытта жұмыс істейді. Сондай-ақ шатырлы және киіз үй форма­тын­дағы лагерьлер ұйымдастырылып, 10 мыңнан астам баланы қамту көзделген, – деді Қадыржан Сапаров.

Білім беру басқармасы басшы­сының орынбасары Лаура Мең­діғалиеваның мәліметінше, өңір­дегі 137 мың оқушының шамамен 8 мыңы – ерекше қажеттілігі бар балалар.

– Демалысқа жіберілетін ер­ек­ше балалардың міндетті түрде медициналық қорытындысы бол­уы қажет. Бұған дейін лагерьлерде балалардың денсаулығына байла­ныс­ты күтпеген жағдайлар тіркел­ген. Сондықтан қауіпсіздік талап­тары қатаң сақталады. Үйде білім алатын бірінші топтағы мүге­дектігі бар балалар лагерь бағдар­ламасына енгізілмейді, – деді Лаура Меңдіғалиева.

Жазғы маусым қарсаңында ла­герьлердің санитарлық талап­тарға сәйкестігі де тексерілуде. Атырау облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау деп­артаменті басшысының орынба­сары Айгүл Искакованың айтуын­ша, Индер ауданындағы лагерь қажетті құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын аяқтап келеді.

– Қазіргі уақытта Индер ауданындағы лагерь санитария­лық-эпидемиологиялық қоры­тын­ды алу рәсімінің соңғы кезеңінде тұр. Ал Махамбет ауданындағы «Арай» лагерінде тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін анықталған кемші­ліктер толық жойылған жағдайда жұмыс істеуге рұқсат беріледі, – деді Айгүл Искакова.

Сондай-ақ биыл Атырауда алғаш рет «Әке мектебі: дәстүр мен еңбек» атты екі күндік еңбек лагері ұйымдастырылды. Nurly tal этно-паркінде өтіп жатқан жобаға облыстың барлық аудандары мен Атырау қаласынан арнайы ірік­телген 25 әке мен олардың 13-14 жастағы ұлдары қатысуда.

Атырау облыстық әкелер кең­есінің төрағасы Шота Қа­натов­тың айтуын­ша, жоба аясын­да қатысу­шылар киіз үй құру, қой қырқу, ат әбзелдерін тану, ер-тұр­ман жаб­дық­тарын пайдалану сияқты ұлт­тық тұрмысқа қатысты тәжіри­белік сабақтардан өтеді. Қызыл­қоға ауданының тұрғыны Аслан Жалғасбаев мұндай баста­малар әке мен бала арасындағы байлан­ысты нығайтуға мүмкіндік бере­тінін айтады.

– Басты мақсатымыз – жақсы азамат тәрбиелеу. Әке мен ұл ара­сындағы қарым-қатынасты күш­ейтіп, ұлттық тәрбиені дәріп­теу маңызды, – дейді ол.

Дегенмен тағы бір мәселе бар. Басқарма жанынан ұйымдас­ты­рылып жатқан лагерьлердің дені әлеуметтік осал топтың бала­ларына арналған. 

– Мемлекет әлеуметтік осал топтан да басқа отбасылар барын ұмытпаса екен. Мысалы, менің үш балам бар. Біз көпбалалы от­басы санатына жатпаймыз. Жол­дасым бар, толық отбасымыз. Менің де балаларым Ресейдің Жел­езноводск, мына тұрған Ма­хам­бет, Индердегі толық 10 күндік лагерьге барғылары келеді. Бірақ біздің балаларымыз ешқашан жол­­дама ала алмайды. Себебі қам­тылатын – әлеуметтік осал топ балалары. Оқу озаттары, өнер, спорт­та жетістікке жетіп жүрген балаларға да арнап жолдамалар берілсе, жақсы болар еді. Әйтпесе, бала біткеннің бәрі мектеп жан­ындағы лагерьге бара бермейді. Он­сыз да 9 ай мектепте сабақ оқып жүргендіктен, жаңа ортада дем­алғысы келеді. Жекелеген орталықтардың лагерьлері бар. Бағасы удай. Ең арзаны 80 мың­нан басталады. Бір аптаны ғана қамтитын 150 мың теңгенің ла­герьлері де бар. Лагерь болған соң, үйдегі балалардың бәрін жі­бер­гіміз келеді. Үш бірдей балаға 80 мыңнан есептегенде, 240 мың тең­ге тауып беру оңай емес», – дей­ді қала тұрғыны Жаңылсын Отаралиева. 

Айтса айтқандай, Атырауда жекелеген орталықтар, ұйымдар ұйымдастырып жатқан лагерьлер құны ұшып тұр. Балалардың жазғы демалысты телефонмен емес, емін-еркін жаңа ортада өт­кізуі үшін ата-ана қалтасына бәрібір салмақ түседі. 

Атырау облысы Білім беру басқармасынан білгеніміздей, өңірдегі лагерь тапшылығын азай­ту үшін алдағы жылдары үш жаңа сауықтыру лагерін салу жоспар­ланған. Алғашқысы – Махамбет ауданындағы бұрынғы Президент резиденциясының базасында ашылатын 200 орындық «Жас дарын» лагері. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.

Сонымен қатар Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында әрқайсысы 300 орындық жаңа лагерьлердің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Маман­дардың пікірінше, бұл жобалар толық іске асқан жағдайда өңірде жыл сайын қосымша 10 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамтуға мүмкіндік туады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы