Көшпелі отырысты ашқан ҚазҰУ басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев БАҚ өкілдерін алда келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады. Университет басшысы өз сөзінде заманауи медиа индустрия талаптарына жауап беретін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мәселесіне тоқталып, білім ордасының журналистика саласындағы тарихи үлесін ерекше атап өтті.
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – отандық журналистика білімінің қара шаңырағы. Біздің мақсатымыз – кәсіби маман даярлап қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін, ел мүддесіне қызмет ететін тұлғаларды қалыптастыру, – деді ректор.
Сондай-ақ Қазақстан журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев әріптестерін мерекемен құттықтап, қоғамдағы әділдік пен ашықтық қағидаттарын орнықтырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне айрықша назар аударды. Жиын соңында отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан сала үздіктеріне арнайы марапаттар мен алғысхаттар табысталды.
Көшпелі отырыс аясында журналистер университеттің ғылыми жетістіктерімен танысты. Кампус-тур барысында БАҚ өкілдері ҚазҰУ-дың заманауи зерттеу орталықтарын аралап, ғылым мен технология саласындағы тың жобалардың жүзеге асу барысына куә болды. Әсіресе, Қазақстан – Қытай бірлескен зертханасы, Farabi Supercomputer Center мен Ми институты, Farabi Hub және Farabi Robotics орталықтарының жұмысы көптің қызығушылығын тудырды.
Онымен қоса, маңызды атап өтерлік жайт, іргелі оқу орнында Quantum AI зертханасы іске қосылды. Аталған зертхана Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің базасында құрылған. Жоба Қытайдың кванттық жүйелер өндіретін жетекші компанияларының бірі – SpinQ Technology қолдауымен жүзеге асырылды. Зертханаға орнатылған жеті заманауи кванттық есептеу жүйесі бүгінде Қазақстандағы баламасы жоқ бірегей технологиялық кешен саналады. Бұл құрылғылар студенттер мен жас ғалымдарға күрделі ғылыми-зерттеулер жүргізуге, машиналық оқыту алгоритмдерін әзірлеуге және кванттық есептеулер саласындағы тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ҚазҰУ басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы жаңа зертхананың университетті әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру жолындағы маңызды қадам екенін баса айтты. Оның сөзінше, жасанды интеллект, үлкен деректер және кванттық есептеулер жаһандық ғылым мен экономиканың даму бағытын айқындап отыр. Ал кванттық технологиялар мен жасанды интеллектің тоғысуы криптография, медицина және күрделі жүйелерді модельдеу сияқты салаларда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Университет басшысы білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бұл жұмыстың әрі қарай жалғасатынын айтып, зертхана қызметі елдің технологиялық әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенім білдірді.
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұловтың мәлімдеуінше, қазір отандық мамандар озық жабдықтармен жұмыс істеуге толық дайын. Мұнда жоғары курс студенттері тәжірибелі мамандармен бірге нақты өндірістік жобаларға қатысып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие құзыреттерді меңгере алады.
Бүгінде кванттық есептеулер әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан ғылыми бағыттардың бірі. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай технологиялар болашақта қаржы, медицина, логистика және киберқауіпсіздік салаларындағы күрделі есептерді шешуге көмектеседі. Осы үрдістен қалыс қалмауды көздеген ҚазҰУ жаңа зертхана арқылы студенттер мен жас ғалымдарға болашақ технологияларын игеруге жағдай жасап отыр.
А.МАЛИКАЖДАР,
Алматы қаласы