Отбасы әл-ауқатының ауқымы артты

Шымкент қаласында отбасылық институтты қолдау мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Соның жарқын көрінісі ретінде жуырда 30 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныстойын тойлады. Бұл игі шара тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсартумен қатар, отбасы тұрақтылығын нығайтуға және қоғамдағы әлеуметтік үйлесімділікті арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі болып отыр.

Салтанатты рәсім барысында жаңа пәтерлердің кілті тұрғын үй кезегінде тұрған және «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асы­ры­латын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларының талаптарына сәйкес төлем қабілеттілігін рас­таған азаматтарға табысталды. Қоныс иелері Ақжайық шағын­ауданындағы заманауи көпқа­батты тұрғын үйлерден баспаналы болды. Баспанаға ие болған­дар­дың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәр­бие­леп отырған ата-аналар, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және өзге де бюджет саласының қызметкерлері бар. Бұл санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қам­тамасыз ету – мемлекет жүр­гізіп отырған отбасы саясатының ма­ңызды бағыттарының бірі.

Сарапшылардың пікірінше, тұрғын үй мәселесінің шешілуі отбасының әлеуметтік тұрақты­лығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі саналады. Өз шаңырағына ие болған отбасының ертеңге деген сенімі артып, ба­лалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік туады. Сондықтан тұрғындарды баспанамен қамту тек әлеуметтік қолдау шарасы  емес, отбасылық құндылықтарды нығайтуға ба­ғытталған маңызды қадам ретінде бағаланады. Жаңа тұрғын үйлер заманауи құрылыс талаптарына сай бой көтерген. Үйлер қажетті инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтылып, тұрғын­дардың жайлы өмір сүруіне бар­лық жағдай жасалған. Балалар алаңдары, абаттандырылған ау­ла­лар мен қолайлы инфрақұрылым тұрғындардың өмір сапасын арт­тыруға ықпал етеді.

Бүгінде Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын артып келеді. Қалада ха­лықтың әлеуметтік осал топ­та­рын қолдау, жастар мен жас отба­сылардың баспанаға қолже­тімді­лігін кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл баста­ма­лар отбасы инсти­тутын нығайтуға, демографиялық өсімді қолдауға және қоғамдағы әлеуметтік тұрақ­тылықты сақтау­ға қызмет етеді. 

Айта кетейік, жуырда ғана мем­лекеттік жеңілдетілген тұрғын үй несиелеу бағдарламасы аясын­да тағы да 30 отбасы Шымкент қа­ласының әкімі Ғабит Сыздық­бе­ковтың қолынан жаңа пәтер кілтін алған болатын.  Үй кезегінде тұрған азаматтарға жалға беру шартымен ұсынылған бұл жаңа үйлер Бозарық шағынауданында орналасқан және барлық құрылыс нормасы мен сапа талаптарына сай пайдалануға берілген. 

Отбасы – мемлекеттің берік негізі. Ал әр отбасының өз ша­ңы­ра­ғы болуы бақытты өмірдің, бе­ре­келі тұрмыстың және ұрпақ тәрбие­сінің маңызды кепілі. Сон­дықтан Шым­­кентте жүзеге асы­рылып жат­қан тұрғын үй бағдар­ламалары мың­да­ған азаматтың баспана мә­селесін шешіп қана қоймай, от­ба­сылық құндылық­тарды дәріптеуге және қоғамның әлеуметтік да­муы­на серпін беріп отыр. Жаңа қо­нысқа қол жет­кіз­ген шымкенттік 60 от­ба­сының қуанышы елдегі әлеуметтік сая­сат­тың тиімділігін көрсететін ма­ңызды көрсеткіштердің бірі.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы