Заңдағы «саңылау» – табиғатқа тиген зардап

Елорда төңірегіндегі талай ақын жырына арқау еткен ерке Есілдің жағалауы – тұмса табиғаттың адамзат баласына берген ерекше сыйы.

Айнадай жалтырап, күмістей мөлдіреген өзен арнасын қуалай белуардан келетін көк майса шалғын жайқалып, арқыраған арнасында аққу-қазы қиқулап жататын бұл өңір бүгінде ауыр техниканың табанына тапталып, қою қара шаң мен түтінге тұншығып барады. Елорданың айналасындағы агломерациясындағы құм мен қиыршық тасқа деген құрылыс нарығының тойымсыз сұранысы табиғатты ғана емес, заң үстемдігін де сынаққа салғандай. Түйткіл ондаған жыл бойы халықтың ащы базынасын тудырғанымен, еш өзгеріс көрінбейді. Тіпті, күн өткен сайын жағдай күрделеніп, ең бастысы экологиялық ахуалдың ушыға түскені анық байқалады. 

Көзі қарақты қырағы оқырман осыған дейін жазылған мақала­лардан құм мен қиыршық тас өн­діретін зауыттардың бұл ай­мақта жыл санап еселеп өсіп кет­кенінен хабардар. Салдарынан Елордаға іргелес қоныс тепкен бірнеше аудан шұрық-шұрық карьерлерге айналып шыға кел­ген. Мәселе бұл өңір тұрғын­да­ры­ның күнделікті дертіне айналды десек қателеспейміз. Қираған жол­дар, шаңға тұншыққан ауыл­дар, бүлінген жайылымдар мен та­биғи ландшафттардың жойы­луы – көзге көрінетін зардаптар ғана. Ал көзге көрінбейтін шы­ғын, өкінішке қарай әлдеқайда ауыр. Бұл орайда мемлекеттік ба­қылаудың әлсіреуі, заңнамалық шикіліктің салдарынан болатын олқылықтар мен жергілікті би­ліктің сылбыр әрекеті мен жауап­сыздықтың қалыпты құбылыс бо­лып отырғанын атап өткен жөн.

Карьер көбейді, бақылау жоғалды

Жуырда бұл мәселе Ақмола облыстық мәслихатының эко­номика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия­сы­ның отырысында тағы бір мәрте кеңінен талқыға түскен еді. Об­лыстық Кәсіпкерлік және өнер­кәсіп басқармасының басшысы Асхат Ахмедьяновтың мәліме­тінше, аймақта кең таралған пай­далы қазбаларды өндіруге 69 ли­цензия беріліп, 112 бірдей ке­лі­сімшарт жасалған. Алайда статис­тиканың арғы жағында табиғатқа аса зор қатер төндіретін алаңда­тарлық көрініс жатыр.

Тек былтырдың өзінде ғана жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан 155 заңбұзушылық анықталған. Жеті келісімшарттың күші тоқтатылып, екі лицензия қайтарылып алынған. Соған қа­рамастан, бүлінген жерлерді қал­пына келтіруге қатысты соттарда соңғы екі жыл ішінде 49 іс қара­лып жатқаны мәлім болды. Кә­сіпкерлердің басым бөлігі таби­ғатқа келтірген залалды өтеуге еш асығар емес.

Мәселені әріден қозғасақ, түйткілдің туындауына себепкер болған түп-тамыр 2017-2018 жыл­дары қабылданған заңнамалық өзгерістерге барып тіреледі. Бұ­рын жер қойнауын пайдалану құ­қығы конкурс немесе тікелей ке­ліссөздер арқылы беріліп кел­ген. Ал кейін лицензия алу тәртібі жеңілдетілген. Нәтижесінде, ли­цензия алған кез келген субъект өндірісті бастап кетуге мүмкіндік алған. Сондай-ақ бұдан да маңыз­дысы – 2017 жылы күшіне енген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс мем­лекеттік бақылау жүйесінің негі­зін әлсіретіп жіберген. Бұрын заңсыз өндірудің жолын кесумен айналысқан экологиялық орган­дардың құзыреті қысқартылған. Бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдарға берілге­німен, оны жүзеге асыратын нақ­ты құқықтық және кадрлық те­тіктер қарастырылмай қалған. Яғни, заң жүзінде бақылау бар сияқ­ты көрінгенімен, іс жүзінде ел­дегі жер қойнауын пайдалануды қадағалау жүйесі күйреген.

«Қазаннан қақпақ кетсе, ит­тен ұят кетеді» дегендей, мемле­кеттік бақылау әлсіреген тұсында көлеңкелі бизнес күшейетіні анық. Ақмола облысында кейінгі жылдары заңсыз карьерлер саны­ның күрт артуы соның айқын дә­лелі болып отыр. Өткен жылы облыс әкімі Марат Ахметжа­нов­тың тапсырмасымен арнайы жұ­мыс тобы құрылып, заңсыз өндіру фактілері тағы бір мәрте тексе­рілген-ді. Нәтижесінде, Аршалы, Целиноград және Бурабай аудан­дарында бірнеше еш құжатсыз әрі заңсыз карьерлер жұмыс істеп келгені анықталған. Алдын ала есеп бойынша, олардың табиғатқа келтірген залалы 200 миллион теңгеден асып жығылған болып шықты.

Мәселен, Целиноград ауданы әкімдігі тағы 11 заңсыз өндіру фактісі бойынша есеп жүргізіп, шығын көлемін 257 миллион теңге деп бағалаған. Бірақ қо­ғамды таңғалдырғаны осы фак­тілер бойынша қозғалған қыл­мыстық істердің тоқтатылуы бо­лып отыр. Сонда миллиондаған текше метр топырақ қазылып, табиғат бүлінсе де, жауапқа тарты­латын ешкім болмағаны ма деген сауал өз-өзінен туындайды. Өкі­нішке қарай, мәселе дәл осы тұста кілт үзілген. Құмға сіңген судай ізі де қалмай жұрт көзінен жасырын күйде қалған.

Қылмыстық іс бар, бірақ кінәлі жоқ

Ақмола облыстық Полиция департаменті анықтау басқармасы бастығының орынбасары Жеңіс Мұқышевтың түсіндіруінше, заң бойынша жер қойнауын заңсыз пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау үшін нақты залал көлемі бұлтартпас дәйек-деректермен дәлелденуге тиіс. Ал залалды есептеу үшін арнайы маркшейдерлік зерттеу жүргізу қажет. Онсыз да басқа шаруалары шаш-етектен артылып жататын аудан әкімдіктерінде мұндай мамандар жоқ. Сондықтан кон­курс өткізу керек. Ол үшін әрине жеке компания жалдап, бюд­жеттің қоржынынан қаржы бөлу керек. Оның өзіне бірнеше ай уақыт кететіні айдан анық. Бірақ мәселе мұнымен де бітпейді.

Көп жағдайда маркшейдерлер әр жылдары түсірілген геоде­зиялық суреттерді пайдаланады. Ал карьер нақты қашан қазыл­ғанын тап басып дәл анықтау қиын. Сотта мұндай есептердің дәл­дігіне күмән туындайды. Ал құқықтық қағида бойынша кез келген күмән күдіктінің пай­да­сына шешілмек. Мұның нәти­жесінде нақты дәлелді фактілердің жеткіліксіздігінен қылмыстық іс тоқтатылады. Тіпті, кей жағдайда карьер басында ұсталған адам­дардың өзі: «Біз бүгін ғана келдік, бұл жерді бұрын кім қазғанын білмейміз» деп те жауап береті­нін құқық қорғау органдары жиі айтады.

Тағы бір айта кетер тұс, тер­геушілердің экология, құрылыс немесе жобалау саласындағы арнайы білімі жоқ болғандықтан, заңсыз өндіру көлемін дәлелдеу одан сайын қиындай түсетіні байқалған. Осының бәрі құқық қорғау жүйесін тұйыққа тіреген. Яғни, табиғаттың тағдыры қағаз жүзіндегі тартыстың құрбанына айналды. 

Кейінгі жылдары Қазақстанда құрылыс индустриясы қарқынды дамып келеді. Астана төңірегінде жаңа тұрғын үй кешендері, жол­дар, әлеуметтік нысандар са­лы­нып жатыр. Ал құрылыс материал­дарына сұраныс еселеп өскен. Сондықтан сұраныс артқан сайын заңсыз өндіру де көбейе түскен. Сарапшылардың айтуынша, елорда маңындағы құм мен қиыр­шық тас нарығы миллиардтаған теңгемен өлшенеді. Осындай қаржы айналымы бар салада бақылаудың әлсіреуі көлеңкелі бизнестің тереңірек тамыр жа­юына жол ашқаны анық. Ең өкініштісі, табиғатқа келтірілген зиянның орнын толтыру оңай емес.

Дабыл қағып жатқан эколог­тардың сөзіне сүйенсек, карьер қазылған аумақтарда ең бірін­шіден жер бедері бұзылады. Өсім­дік жамылғысы жойылып, жер­асты суларының табиғи айналымы өзгереді. Сала ғалымдарының пі­кірінше, мұндай аумақтардың эко­жүйесін толық қалпына кел­тіруге ондаған жыл қажет болуы бек мүмкін.

Дегенмен түйткілдің түйінін тарқатуда шыбық басы сынбады деп те айту қиын. Ақмола облы­сының әкімдігі мәселені шешу үшін ел заңнамасына өзгерістер енгізу бастамасын көтерген. Ұсы­ныстың мәні түсінікті әрі қи­сынды. Құжатқа зер сала қарасақ, ондағы бірнеше ұсыныс көзге бірден жылы ұшырайды. Атап айтқанда, аталған заңға алғашқы кезекте жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақы­лауды қайтару, заңсыз өндіруді анықтау және тоқтату функ­ция­ларын уәкілетті мемлекеттік ор­гандарға беру, сондай-ақ мем­лекетке келтірілген залалды есеп­теу тетігін жеңілдету сияқты нақты шарттар ұсынылыпты.

Былтыр қазан айында Пре­мьер-министр Олжас Бектенов бұл мәселеге байланысты жауапты министрлікке нақты шаралар қабылдауды тапсырғандығы белгілі. Бірқатар БАҚ-та жария­ланған деректерге сенсек, қазір заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Алайда заң қабылданғанға дейін табиғаттың тағдыры бұ­рынғыдай қағаз жүзіндегі талқы­лаулардың құрбаны болып қала бермек. Себебі құқықтық вакуум сақталып қалған.

Өңірдің мәслихат депутат­та­рының мәліметінше, биыл Ар­шалы, Целиноград және Ерей­мен­тау аудандарында заңсыз өн­діру жұмыстары табиғатқа орасан залал келтірген. Бұл тек бұлтартпас дәлелдермен екшеліп, қағазға түсіріп, хаттама тол­ты­рылып, анықталған фактілер ғана. Ал анықталмағандарының саны қанша екені белгісіз.

P.S.                                                    

Бұл орайда жергілікті құзырлы органдардың жауапкершілік жүгін тереңірек сезініп,  ел үшін аса өзекті болып отырған экологиялық ахуалға назар аударғаны жөн болатыны түсінікті. Сонымен қатар жауапкершіліктен де жоғары болып отырғаны – солқылдақ заңның мәселесін түпкі төркінінен бастап шешу. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы