Жаңа «тренд» жұтаңдыққа соқтырмасын

Қазақ сөзді кие тұтқан халық еді. «Сөздің жаны бар» деп, ащы, артық сөзді айтпауға тырысқан. Көркем тілдің құны алтыннан қымбат бағаланғандықтан, ғасырлар бойы ұлтымыз шешен-билерге төрелік айтқызды.

Ал бүгінде әлеуметтік желіні мінберге айналдырғандар былапыт сөзді «өтімді контент құралы» еткенін байқауға болады. Бұл не: қоғам талғамының жұтағаны ма, әлде қаралым үшін әдептің ала жібін аттауға дайын жаңа мәдениеттің қалыптасқаны ма? Енді бұл мәселеге мемлекет назар аудармақ. 

Былапыт сөз – назар аударту айласы

Виртуалды әлемнің ағынымен келген бүгінгі теріс трендтер қа­зақы талғамның сау-тамтығын қалдырмай, рухани құлдырауға апарып, ұлттың алтын бесігін шайқалтып, келер ұрпаққа кері тәрбие бермек. Бірақ тосқауыл қою үшін әлеуметтік желілерде, әсіресе жастар арасында балағат сөздің «сән мен шынайылықтың жаңа өлшеміне» айналуының себебін түсінген маңызды.

Психолог-практик Жібек Әмір­хан бұл кесірлі үдерістің аста­рында үлкен әлеуметтік-психо­логиялық манипуляция жатқанын аңғарыпты. Оның пікірінше, ке­йінгі кезде блогерлердің, былайғы видео түсірушілердің сөгет сөзге шектен тыс еліктеуі – саналы түрде жасалатын эпатаж және назар ау­дарту құралы екен. Сыпайы тілден гөрі былапыт сөзге толы видео­лардың өтімді, қаралымды болуы адам психологиясындағы тыйым салынған нәрсеге деген қызығу­шылықты оятатын көрінеді.

– Әлеуметтік желіде адамның ар-ұжданына тиетін, әдепке, мә­дениетке жат, тұрпайы лексика мен ұятсыз сөздердің көбеюі тіпті кез­дейсоқ құбылыс емес. Психо­логия тұрғысынан алғанда, была­пыт сөз эмоцияны күшейтіп, адам­ның на­зарын тез аударады. Әрине, он­лайн-платформалардың алго­ритм­дері боқтық сөзді өткізбеуге тыры­са­ды. Бірақ бұл желінің бәрі – шетелдік, олар қазақтың қай сөзі балағат сөз­ге жататынын нақты түсіне бер­мей­ді. Мұның сыртында алгоритмдер көрерменде қандай да бір сезім, дау-дамай тудырып, шок әсерін бе­ретін контентті белсенді тара­та­ды. Сондықтан сөздің нәшін кел­ті­ріп, мәнерлі әрі көркем тілде сөй­леген спикерге қарағанда боқ­тық араласқан видео көбірек қаралым жинауы мүмкін, – деді психолог.

Оның пайымдауынша, жаңа «трендтің» тағы бір себебі – әлеу­меттік еліктеу. Танымал блогер өзге адамның ар-намысына тиіп, боқ­тап сөйлесе, сол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмаса, онда кейбір жас немесе сыни ойлауы кемшін аудитория мұнысын «ба­тылдық», «крутойлық» деп қабыл­дайды, «ешкімнен қорықпайды, тірегі бар» деген жалған авторитет елесі қалыптасады. 

Ж.Әмірхан тосын бір факторды алға тартты: халықаралық зерт­теулер көрсеткендей, қазіргі кезде TikTok-тағы барлық видеоның, Reels бен YouTube Shorts-тардың 52%-ын жасанды интеллект жа­сайды. Бұл ретте ЖИ-ге боқтауға рұқсат етілмейді. Содан қазіргі жастар арасында видеода әдеби, таза тілмен сөйлеу «жасанды» кө­рініп, тек кейіпкер әлдекімді дө­рекі сөзбен «бір сыбап алса» ғана «шынайы» деп қабылданатын қа­уіпті үрдіс таралып барады. Бло­герлер бір жағынан соған сай бо­луға тырысса керек. 

«Бұл құбылыстың зардабы зор. Былапыт сөз бара-бара адамның эмоционалды интеллектісі мен сөздік қорын жұтаңдатып, агрес­сияны күшейтеді. Әлеуметтік дең­гейде қоғамның мәдени құнды­лық­тары құлдырап, өскелең ұр­пақ­тың тәрбиесі бұзылады. Ба­ла­ғаттаудың экономикалық сал­дары бар: қо­ғам­дық орында немесе желіде балағат сөз айтқаны үшін ұсақ бұзақылық бабы шеңберінде қомақты айыппұл салынады не әкімшілік қамауға алынады. Оған қоса, беделіне дақ түсірмеу үшін салмақты серіктестер мен брендтер мұндай блогерлермен келісім­шарт­тан бас тартып, та­быс­тан айы­рады. Сөз еркіндігін мәде­ниет­сіз сөйлеумен шатас­тырмау кер­ек», – дейді маман.

Ұрпақ болашағына төнген қауіп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дөрекілік, балағат­тау және агрессия үйреншікті құбылыс­қа айналып бара жатқа­нын және мәдениетті әрі өрке­ниетті қоғамның бейнесіне мүлдем сай келмейтінін бірнеше рет атап өткен болатын. Сөйлеу мәдениеті жай тұрмыстық мәселе емес. Әң­гіме қоғамдық мә­дениетті, сөз қадірін сақтау, сондай-ақ «Заң мен тәртіптің» үстемдігі туралы. Бұл мәселе конституциялық құнды­лық­тармен тікелей үндеседі. Конс­титуция азаматтардың құқығы мен бостандығын ғана емес, сондай-ақ мәдениеттілік, жауапкершілік пен қоғамдық ынтымақтастық құнды­лықтарын да бекітеді.

«Адал азамат» тұжырымдамасы да дәл осы іргелі қағидаттарға құрылған: ол айналадағы адамға деген құрмет пен қарым-қатынас мәдениетіне сүйенетін, толысқан, кемел «Толық қоғамды» қалып­тастыруды көздейді. Бұл ретте Ата заңның 15-бабына сәйкес, адам­ның өз құқығы мен бостандығын іске асыруы басқа адамдардың құқығын бұзбауға, қоғамдық тәр­тіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның имандылығына нұқсан келтірмеуге тиіс.

Бұдан бұрын Астанада өткен «трансформациялық тренингтер­дің» бірінен түсірілген видео қо­ғамда резонанс тудырғаны мәлім. Онда адамдардың үлкен тобы «психологиялық ашылу практи­касы» деген сылтаумен көпшілік алдында боқтық сөздерді қарша боратқан. Құзырлы органдардың хабарлауынша, осыдан кейін атал­ған іс-шараны ұйымдастырушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарты­лып, бірер мың теңге айыппұл төлеп құтылды. 

Мұндай жабық жиындарға қатысу ақысы бірнеше жүз мың теңгеге дейін баратынын ескер­генде, ұйымдастырушылар айып­пұлды шыбын шаққан құрлы көр­мейді. Бұл проблема парла­мент­­шілерді де алаңдатады. Мә­жі­ліс депутаты Нұрсұлтан Байті­лесовтің айтуынша, бұл тек бір­рет­тік эпизод емес: әлдеқайда кең ауқымда белең алған. 

– Әрине, кәсіби психология­лық практикада, оның өзінде тек жеке, оңаша жұмыс барысында әрі кейбір жағдайда ғана науқастың санасын селт еткізу үшін өткір сөз тіркестерін қолдануға жол беріледі. Десек те, бұқаралық көпшілік іс-шаралардың жөні мүлдем бөлек: жұртшылық алдында коучтар, әртіс­тер, әзілқой стендапшылар, блогерлер және басқасы балағат сөз сөйлесе, оның әсері миллион­даған аудиторияға, соның ішінде балаларға кең тара­лады. Соның кесірінен іс жүзінде көпшілік алдындағы комму­ни­ка­цияда әдеп шекараларының ша­йылуын бақылап отырмыз! Бейәдеп сөздер қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады, – деді депутат. 

Ол кейбір танымал адамдар мұндай теріс мінез-құлық үлгісін төл субмәдениетінің элементі ретінде қолдануды әдетке айнал­дырғанын, мұндай тәжірибе бірте-бірте қоғамдық ортаның сөз мә­нерін қалыптастырып жатқанын қынжыла жеткізді.

Тіл тазалығы – қоғамның темірқазығы

Мәжіліске жолдаған хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов те осы мәселені көтеріп, әлеуметтік кеселге тоспа құру бағытында не істеліп жатқанын айтып берді. Ол азаматтардың сөйлеу мәдениеті мен әдепті мінез-құлқын қалып­тастыру үшін шаралар қабылдана­тынын мәлімдеді.

Премьер-министр бұрын өзге­рістер енгізілген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-ба­бына сәйкес, қоғамдық орын­дарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлау мақсатында тиісу және айналасындағыларға сыйламаушылық білдіру және бас­қа да осыған ұқсас әрекеттер енді ұсақ бұзақылық деп танылатынын және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндірді. 

Атап айтқанда, мұндай мінез-құлық 20 АЕК немесе 2026 жылы 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл салуға, не 20-дан 30 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тар­туға, немесе 5-тен 15 тәулікке де­йінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға соқтырады. 

Бұдан бөлек, биыл «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Ол ӘҚБтК-нің аталған 434-бабын то­лықтырады. Сол арқылы он­лайн-платформаларда – желіде, мес­сенд­жерлерде боқтық сөздер айт­қаны үшін әкімшілік жауап­тылық енгізуді қарастырады. Заң жобасы 2026 жылдың маусым айында заң шығарушы органға енгізіліпті. 

Бұдан бөлек, көпшілікке ар­налған тренингтерді, семинарлар мен лекцияларды ұйымдасты­ру­шылардың жауапкершілігі кү­шейтіліп жатқан көрінеді. 2026 жыл­дан бастап, кәсіби коучтардың бі­ліктілігіне, құзыреттеріне, білі­міне, дағдыларына және әдептік қағидаттарына қойылатын талап­тарды белгілейтін №409 «Коучинг­тік қызмет (кәсіби коучинг)» кәсіби стандарты бекітілді. 

Онда коучингтің 9 бағыты бо­йынша мамандықтар карточка­лары көзделген. Соның ішінде коуч­тар өз біліктілігін жоғары бі­лімінің болуымен, сертификат­таумен растайды. Заңнамалық дең­гейде кәсіби коучингтік қыз­мет­ті жүзеге асыру құқығын бере­тін ICF (International Coaching Federation), ACU (Association for Coaching University) сияқты халықаралық сертификаттардың болуы – міндет. Біліктілікті қолдау үшін коуч әр 3 жыл сайын кемінде 40 сағат кәсіби мамандандырылған коучингтік оқудан – үздіксіз кәсіби дамудан өтуге тиіс. 

Олжас Бектеновтің мәліметі бойынша, кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде коуч кәсіби қауым­дас­тықтың, федерацияның Коуч­тардың әдеп кодексін сақтауға және қызметтердің адалдық, тең құқылық пен кемсітпеушілік қа­ғидаттарына сәйкес көрсетілуіне дербес жауап береді. Әдеп кодексін бұзғаны белгілі болса, мінез-құлқы дау-жанжал туғызса, ары қарай бұл кәсіппен айналысуына рұқсат етілмеуі мүмкін. 

Үкімет қоғамдық орындарда былапыт сөздер қолданудың ал­дын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына кірісті. БАҚ-та 4 782 ақпараттық материал жарияланды: республикалық телеарналарда – 55; өңірлік теле­арналарда – 277; республикалық мерзімді баспасөзде – 42; өңірлік мерзімді баспасөзде – 279; интер­нет-ресурстарда – 720; әлеуметтік желілерде – 3409 жарияланым. 

Өңірлерде жастар саясаты са­ласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 200-ден ас­там әлеуметтік жоба жүзеге асы­рылып жатыр. Мектептерде, кол­ледждер мен ЖОО-ларда жүйелі тәрбие жұмысы жүргізіледі, онда жастарда кәсіби әдепті қалып­тас­тыруға, мәдени білім алу мен өзін-өзі дамытуға баса назар аударылады. 

Қоғамдық орта мен виртуалды әлемдегі былапыт сөз тасқынына бөгет болу үшін мемлекет заңна­маны қатайтып, қоғамдық орын­дар­да ғана емес, онлайн-платфор­маларда да балағат сөз қол­дан­ғандарды тәртіпке келтірмек. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» мен «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында білім беру ошақтарында, БАҚ пен желілерде тіл тазалығы мен сөйлеу мәдениетін қалып­­­тас­тыру бағытындағы жүйелі тәрбие жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек.

Айхан ШӘРІП