«Келешек мектептерінің» келешегі қандай?

Президент тапсырмасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – әрбір баланы тұрғылықты жері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтамасыз ету.

Қазақстанда соңғы үш жылда жоба аясында 217 мектеп салынып, 2024 жылы 105 мектеп, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде 52 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі шешіліп, 100-ден астам мектептегі оқушы орындарының тапшылығы жойылды. Халық­аралық стандарттарға сай жасақ­талған жаңа форматтағы мектептерде ресми ақпарат бойынша, үш жылдың ішінде 460 мың оқушы білім алып жатыр. 

 Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, «Келешек мектептері» адами капиталды дамытуға салынған ұзақмерзімді инвестиция болып саналады. 

– Барлық мектеп орналасқан жеріне қарамастан шалғай елді мекендерде, қалалық жерлерде де бірыңғай стандарт бойынша салынды. Мәселен, мектептердің 40%-ы ауылдық жерлерде орна­ласқан. Бұл қалалық және ауыл­дық мектептер арасындағы ин­фрақұрылымдық алшақтықты едәуір азайтты, – деді вице-министр. 

Алайда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы туралы айтқанда, оның ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы инфра­құрылымдық алшақтықты жою мақсатын ғана емес, білім берудің жаңа моделін қалыптастырудағы рөліне де көбірек мән берген жөн. 

Бүгінде Қазақстанда 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Оның басым бөлігі – ауылдық білім ошақтары. Сондықтан елі­міздегі білім беру саясатының тиімділігі көбіне ауыл мек­тептерінің жағдайы мен сапасына тікелей байланысты. Мәселен, халықаралық PISA-2022 бағдар­ламасының нәтижесі бойынша, 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан – 46, оқу сауат­тылығынан – 61, жаратылыстанудан 49-орында тұр. Сарапшы­лардың пікірінше, PISA нәтиже­леріне оқушылардың функцио­нал­дық сауаттылығының жет­кіліксіз дамуы, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім са­пасының алшақтығы, мұғалім­дерге түсетін әкімшілік жүктеме­нің көптігі, сондай-ақ оқыту әдістемелерінің заманауи талап­тарға толық сәйкес келмеуі әсер еткен. Сонымен қатар  мамандар, оқушылардың алған білімін өмірлік жағдайда қолдану дағды­лары әлі де жеткілікті деңгейде қалыптаспаған және білім беру жүйесіндегі реформалардың ұдайы өзгеруі әрдайым білім сапасының артуына тікелей әсер ете бермейді дейді. Өйткені ха­лық­аралық зерттеулердегі жоғары көрсеткіштер ең алдымен білім беру жүйесінің тұрақтылығына және білімге бөлінетін қаржының нақты бағытта тиімді жұмсалуына байланысты. Мәселен, 2026-2028 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджеттен білім және ғылым саласына – 902 млрд теңге жоспарланып отыр. Заң талаптарына сәйкес, бұл қаражат білім берудің сапасын арттыру, дарынды жастарды қолдау және ғылыми орталықтарды дамыту бойынша барлық басымдықты қамтуы тиіс. Салыстырар болсақ, Халықаралық OECD ұйымының талабы бойынша, мемлекеттегі ЖІӨ-нің 6 пайызы білімге жұмсалуы керек. Қазақстанда білім беруге жұмса­латын шығындар ЖІӨ-нің 3,5 пайызын құраса, бұл көрсеткіш Норвегияда – 8 пайыз, Швецияда  7,7 пайыз деңгейінде. Ал Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде білім беруге бөлінетін қаржының орташа көлемі ЖІӨ-нің 4,9 пайызына тең. Оның үстіне, аталған елдерде білім беру шығындарының басым бөлігі, яғни 69 пайызы бастауыш және орта білім беру деңгейіне бағытталады.

Бұл тәжірибе сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру үшін қаржы көлемі ғана емес, оның тиімді әрі мақсатты жұмсалуы маңызды екенін көрсетеді. Ма­мандардың пікірінше, білімге жұмсалған инвестиция – елдің ұзақмерзімді дамуына салынған капитал. Сондықтан білім саласына бөлінетін қаржының көле­мін ұлғайтумен қатар, оның нәти­желілігі мен ашықтығын қамтама­сыз ету де күн тәртібіндегі маңыз­ды мәселе күйінде қалып отыр. 

– Мысалы, елімізде балалар­дың 1 пайызы БИЛ, НЗМ мен РФММ, жекеменшік және халық­ара­лық мектептерде оқыса, 99 бала кәдімгі орта мектепте оқиды. Білім сапасы жоғары елдер бізде­гідей 1 пайыз ғана емес, 100 пайыз сапалы біліммен қамтуға тырысады. Олар білім саласын қаржы­ландыруды сапалы қолға алған, қомақты қаржы жұмсайды. Сондай-ақ ол елдерде инфра­құрылымды жақсарту және ма­ман­дардың барлығына білім мазмұнын күшейтуге жағдай жасау мәселесі жүйелі, параллель түрде жүріп отырады, – дейді кәсіпкер ұстаз, мектеп мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұрмұхаммед Досыбаев.

Айталық, биыл мамыр айында DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы өткізген «Қазақстандағы білім беру сапасына қоғамның көз­қарасы» атты сауалнама нәтиже­лері де осыны аңғартады. Зерттеуге қатысқан респонденттердің 31,5 пайызы орта білімнің дамуына кедергі келтіретін басты фактор ретінде жемқорлықты атаса, 30,8 пайызы мұғалімдердің біліктілік деңгейінің жеткіліксіздігін көр­сеткен. Бұл көрсеткіштер қоғам­ның білім сапасын арттыру үшін ең алдымен адами капиталды дамыту мен саланың ашықтығын қамтамасыз ету қажет деп санайтынын білдіреді. 

Білімді ұлт: технология мен адам капиталының үйлесімі

Дегенмен соңғы жылдары білім беру жүйесін балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі барлық деңгейді қамтитын біртұтас экожүйе ретінде дамытуға басымдық беріліп келеді. Бұл тәсіл білім беру сатылары арасындағы сабақтастықты күшейтіп, әр баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасауға бағытталған. Сонымен қатар бүгінде ел бола­шағының сапасы баланың қай жерде білім алғанына емес, қандай білім мен тәрбие алғанына байланысты болуы тиіс деген ұстаным басты бағдар саналады. Маман­дардың пікірінше, қазақстандық білім жүйесі жаһандық еңбек нарығының сұранысына бейім­деліп, оқушылар мен студенттерді болашақтың мамандықтарына даярлауға басымдық беруі қажет. Бұл ретте басты мақсат – білім алушыларды дайын ақпаратты жаттауға емес, өзгермелі ортаға бейімделуге, жаңа білімді өздігінен меңгеруге және оны тәжірибеде қолдануға үйрету.

Мәжіліс депутаты Олжас Құс­пеков білім шынайы әлеуметтік лифтіге айналуы үшін Конституцияда білгіленген талаптарға сай жүйелі әрі кешенді заңнамалық және институционалдық тетік қалыптастыру керек дейді.

– Жаңартылған Конституция­да әр азаматтың сапалы білім алуға құқығының ерекше бекітілуі – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын маңызды қадам. Бұл нормаларды іс жүзінде жүзеге асыру үшін ең алдымен жүйелі әрі кешенді заңнамалық және ин­ституционалдық тетік қажет.

Біріншіден, білім беру саласын реттейтін заңдар Консти­туциядағы жаңа қағидаттарға толық сәйкес­тендірілуі тиіс. Яғни, тегін орта білімге кепілдік қана емес, оның сапасы, қол­жетімділігі және тең мүмкіндіктері нақты стандарттар арқылы қам­тамасыз етілуі қажет.

Екіншіден, педагогтердің мәртебесін арттыруға бағытталған нормалар нақты әлеуметтік кепілдіктермен бекітілуі маңыз­ды. Бұл – жалақы, кәсіби даму, жүктеме мен еңбек жағдайын жақсарту сияқты мәселелерді қамтиды.

Үшіншіден, институционал­дық тұрғыда білім сапасын баға­лайтын тәуелсіз жүйелерді күшей­ту, цифрлық мониторинг пен ашықтықты қамтамасыз ету қа­жет. Бұл білім беру саясатының тиімділігін арттырады.

Төртіншіден, ғылым мен инновацияны қолдау тетіктері күшейтіліп, университеттер мен зерттеу орталықтарының дербес­тігі кеңейтілуі тиіс. Бұл білімді экономикаға тікелей интег­рациялауға мүмкіндік береді. Сонда ғана білім шынайы әлеу­меттік лифтке айналып, елдің бә­секеге қабілетті болашағына жол ашады, – деді депутат.

Мемлекет басшысы Digital Qazaqstan жалпыұлттық стра­тегия­сын қабылдай отырып, үш жыл ішінде елімізді толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойды. Бұл тұрғыда білім берудің болашағын тек технологияны жаңғырту арқылы  емес, адам капиталының сапасы арқылы бағалайтын экожүйені қалып­тастыру маңызды. Соған сәйкес, бүгінгі күні «Келешек мектептері» ұлттық жобасы заманауи білім беру технологияларын енгізудің пилоттық алаңына айналып келеді. Бірқатар білім ордасында оқу процесіне жасанды интеллект элементтері енгізіліп, цифрлық платформалар мен деректерге не­гізделген оқыту тәсілдері сынақ­тан өткізілуде.

Алайда мамандар мектептерге жаңа технологияларды енгізуде «не енгіземіз?» деген сұрақтан бұрын «оны қалай тиімді қолдана­мыз?» деген мәселе басты назарда болуға тиіс дейді. Сондықтан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы тек ғимарат пен технология жабдықтау шеңберінде қалып қоймай, білім алушылардың өзгермелі әлемге бейімделуіне жағдай жасап, олардың шығарма­шылық, зерттеушілік және ана­литикалық дағдыларын дамытуға басымдық беруі керек. Сонда ғана технология мен адам капи­талы­ның үйлесімі Қазақстанның бә­секеге қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыруға негіз болады.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ