Кадрдың қадірін арттырған жүйе

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай жаңғыру кезеңін бастан өткеруде. Жаңа ауруханалар мен емханалар салынып, ауылдық медицинаны дамытуға арналған ұлттық жобалар жүзеге асырылуда, цифрлық технологиялар енгізіліп, медициналық қызметтердің сапасы артып келеді.

Әлеуметтік саясаттың маңызды жетістіктерінің бірі – тегін меди­циналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемінің сақталуы. Сонымен қатар медициналық қызметтердің қолже­тім­ділігі мен сапасын арттыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар өз нәти­жесін беріп отыр. Оның айқын дәлелі, былтыр Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 75,97 жасты құрады.

Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер нақты көрсеткіштермен де расталады. Атап айтқанда, шамамен 300 мың азамат онкологиялық ауруларды тегін диагностикалаудан өтті. Балаларға жасалатын ашық жүрекке опера­ция­лардың жылдық саны 2 мыңнан асса, былтыр 3,4 миллион адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ медицина қызмет­кер­лерін әлеуметтік тұрғыда қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, был­тырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл бағыттағы жалпы қолдау көлемі 4,5 млрд теңгеден асып, 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан. Айта кетейік, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,2 млрд теңгені құраған болатын. Дегенмен атқарылып жатқан жұмыс­тарға қарамастан, саланың ең өзекті мәселелерінің бірі  кадр тапшылығы болып қала беруде.

Дәрігер неге тапшы?

Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың 84 мыңға жуығы – дәрігерлер. 2025 жылғы қорытынды статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде  3 869 дәрігер жетіспейтіні анық­талды. Сонымен қатар орта меди­цина қызметкерлерінің (мейірбике, фельд­шер) тапшылығы 4,5 мыңнан асады. Ең тапшы мамандықтар қатар­ында терапевтер, жалпы практика дәрігерлері, анестезиолог-реанима­толог, хирургтар мен акушер-гинеколог­тар және педиатрлар мен неонатологтар аталады. Аймақтар бойынша ең жоғары сұраныс, яғни кадр жетіспеушілігі Астана, Алматы және Шымкент сияқты мегаполистерде, сондай-ақ шалғай өңірлердегі аудандарда ерекше байқа­лады. 

Денсаулық сақтау министрлігінің есебі бойынша, жас түлектердің кейбір нақты клиникалық бағыттар бойынша жұмыс істегісі келмеуі және өңірлердегі кадрлық теңгерімсіздік осы жағдайға әкеліп соқтыруда. Иә, саланың мәлі­метіне қарасақ, кадр тапшылығы жыл өткен сайын төмендеп келеді. Әсіресе, 2022 жылғы 5 мыңға жуық дәрігер тапшылығымен салыстырғанда қазіргі көрсеткіш жаман емес, дұрысы кадр тапшылығы 20 пайыздай азайған. Бірақ бұл мәселе шешілді дегенді білдірмейді.

Дәрігер тапшылығының астарында бірнеше фактор бар. Ең алдымен, халық санының жылдам өсуі меди­ци­налық қызметке деген сұранысты арттырып келеді. Сарапшылар алдағы он жылда дәрігерлерге деген қажеттілік жыл сайын ұлғая беретінін болжап отыр.

Екінші мәселе – өңірлер арасын­дағы теңсіздік. Еліміздің ірі қалаларында дәрігерлердің шоғыр­лануы жоғары болғанымен, ауылдық жерлер мен шалғай өңірлерде маман жетіспеушілігі өткір сезіледі. Көптеген жас дәрігер әлеуметтік инфрақұрылымы жақсы дамыған қалаларда жұмыс іс­теуді жөн көреді. Ал ауылдық жерлер­дегі тұрғын үй мәселесі, жұмыс жүкте­месінің көптігі және кәсіби дамуға мүмкіндіктің аздығы олардың өңірлерге баруына кедергі келтіреді.

Үшінші мәселе – медицина қыз­меткерінің кәсіби күйзелісі. Дәрігер тәулігіне ондаған науқасты қабылдап қана қоймай, үлкен жауапкершілікті арқалайды. Соңғы жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия жағдайларының көбеюі де қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Сондық­тан бүгінде кадр тапшылығы тек сандық емес, әлеуметтік және психологиялық мәселе ретінде қарастырылуда.

Мамандар әлеуметтік қолдаудан кенде емес

«Мемлекет жыл сайын медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың жаңа тетіктерін енгізуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1 760 дәрігер түрлі әлеуметтік қолдау шара­сымен қамтылды. Оның ішінде 1 009 дәрігер ауылдық елді мекендерде, 546 дәрігер қалаларда, 205 дәрігер моноқа­лаларда еңбек етеді. Бұл ауыл меди­ци­насын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.

Жас мамандарды ынталандыру да күшейіп келеді. Былтыр жо­ғары оқу орындарын тәмамдаған 579 жас дәрігер әлеуметтік қолдау алып, олардың 294-і ауылдық жерлерге жұ­мысқа орналасты. Бұл – кадр тапшылы­ғын төмендетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Қаржылық ынталандыру тетіктері де кеңейтілді. 236 маман респуб­ли­калық бюджеттен, 1 399 маман жер­гі­лікті бюджет есебінен көтерме жәрдем­ақы алды. Ал тапшы мамандықтар бойынша 529 дәрігерге арнайы әлеу­меттік қолдау көрсетіліп, олардың бір бөлігіне 100 ең төменгі жалақы мөл­шерінде біржолғы төлем берілді. Бұл шамамен 8,5 миллион теңгені құрай­тын айтарлықтай ынта­ландыру паке­ті», – дейді Денсаулық сақтау министр­лігі Ғылым және адами ресурстар деп­артаменті директорының орынба­сары Бағжан Мұхаметбек.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының нәтижесі қандай?

Қоғамдағы әрбір адамның ең бірінші мәселесі – тұрғын үй. Мемлекет бұл жағынан да дәрігерлерді ерекше қолдап отыр. Мысалы, былтырдың өзінде 727 дәрігер тұрғын үймен қам­тамасыз етілген, ал ауылдық жерлерге барған мамандар үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жеңіл­детілген несие мен көтерме жәрдемақы қарастырылған. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің балаларына бала­бақшаға басымдықпен орнала­стыру, көлік шығындарын өтеу, әскери қызмет бойынша жеңілдіктер сияқты әлеу­мет­тік кепілдіктер де енгізілуде.

Ғылым және адами ресурстар депар­таменті директорының орынбасары Бағжан Мұхаметбектің айтуынша, бұл шаралардың нәтижесі де байқала бастаған. Соңғы екі жылда ауылдық жерлердегі тапшылық біртіндеп азайып келеді. 

Дегенмен мәселе толық шешілді деуге ерте. Әлеуметтік қолдау қаржылай төлеммен ғана шектелмеуі тиіс. Дәрігер үшін қауіпсіз еңбек ортасы, кәсіби даму мүмкіндігі, тұрғын үй, әлеуметтік мәртебе және қоғамның құрметі де маңызды. Егер осы факторлар қатар қамтамасыз етілсе ғана жас мамандар өңірлерде тұрақтап, ұзақ мерзім еңбек етуге мүдделі болады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, медицина саласына салынған инвестиция – адам капиталына салын­ған инвестиция. Дәрігер тапшы­лы­ғының шешімі тек жаңа кадр даярлауда емес, бар мамандарды ұстап қалуда жатыр. 

Қазақстан бүгінде медицинаны жаңғырту жолында маңызды қадамдар жасап жатқанын жоғарыда баян еттік. Бірақ төрт мыңға жуық дәрігер жетіс­пейтін жағдайда әлеуметтік қолдау бағ­дарламаларын одан әрі жетілдіру, ауыл­дық медицинаға ерекше көңіл бөлу және дәрігер мамандығының беделін арттыру уақыт талабы болып қала бер­еді. Өйткені дәрігердің жағдайы жақ­сарып, мамандар жеткілікті болмай­ын­ша, халық денсаулығының сапасын арттыру да оңай болмайды.

Айгүл СЕЙІЛ