Экономика өсуде, өндіріс көлемі артуда, жаңа кәсіпорындар іске қосылып, еңбек нарығындағы жағдай тұрақты деп бағалануда. Алайда бұл деректер күнделікті өмірмен әрдайым қабыса бермейді. Өйткені дүкен сөресіндегі бағаға, коммуналдық төлемдерге немесе баспана құнына қараған адамның көкейінде «Экономика өркендеп жатса, неге тұрмысымыз түзелгенін сезінбейміз?» деген сұрақ туындайды.
Бұл мәселе тек Қазақстанға тән емес. Әлемнің көптеген елінде экономикалық өсім мен халықтың тұрмыс сапасы арасындағы алшақтық – қызу талқыланатын тақырып. Тіпті, қарқынды дамып жатқан мемлекеттердің өзінде азаматтардың едәуір бөлігі қаржылық қысымның күшейгенін айтып келеді. Сарапшылар мұны макроэкономикалық көрсеткіштер мен нақты өмірдегі жағдайдың әрдайым сәйкес келе бермейтінімен түсіндіреді.
Шын мәнінде, көпшілік үшін экономиканың ахуалы жалпы ішкі өнімнің көлемімен емес, күнделікті тұрмыстағы мүмкіндіктермен өлшенеді. Баспана қолжетімді болды ма? Баланың білім алуына қаражат жете ме? Ай соңына дейін алған жалақысын жеткізе ала ма? Азаматтар экономикадағы өзгерісті дәл осы сұрақтарға жауап арқылы бағалайды.
Қымбатшылық қайдан шықты?
Француз экономисі Томас Пикетти ұзақ жылдар бойы әлем елдеріндегі табыс пен байлықтың бөлінуін зерттеп келеді. Ол өзінің «XXI ғасырдағы капитал» атты кітабында экономикалық өсімнің өзі емес, сол өсімнің нәтижесі кімнің қолына тиетіні маңызды екенін жазады. Ғалымның зерттеулері соңғы онжылдықтарда жинақталған байлықтың қомақты бөлігі қоғамның шағын тобының иелігінде шоғырланғанын көрсетеді. Яғни экономика көлемі ұлғайған сайын бүкіл халықтың бірдей байып кетуі міндетті емес.
Мұны қарапайым мысал арқылы түсіндіруге болады. Айталық, елде ірі өндіріс орны ашылды. Өнім көлемі көбейді, экспорт артты, соның нәтижесінде жалпы ішкі өнім де жоғарылады. Бірақ егер жаңа табыстың негізгі бөлігі инвесторлар мен кәсіп иелерінің арасында қалса, қарапайым азаматтың өмірінде айтарлықтай өзгеріс болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда статистика өсімді көрсеткенімен, тұрғындардың тұрмыс деңгейі бұрынғы қалпында қалады.
Осы мәселеге қатысты көзқарасын жиі білдіретін экономистердің бірі – Джозеф Стиглиц. Оның пікірінше, экономиканың қаншалықты өскенінен гөрі сол өсімнің қоғам ішінде қалай бөлінгені әлдеқайда маңызды. Егер табыстың басым бөлігі жоғары кірісті топтардың үлесіне тиіп, ал халықтың негізгі бөлігі қымбатшылықпен бетпе-бет келсе, ресми статистикаға деген сенім әлсірейді.
Соңғы жылдары көптеген отбасының шығынында тұрғын үй, азық-түлік, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтеріне жұмсалатын қаражаттың үлесі артты. Жалақы көлемі өссе де, бағаның қымбаттауы бұл өсімнің әсерін сездірмей отыр. Сондықтан адамдар табыстың номиналды көлеміне емес, сол ақшаға қанша тауар мен қызмет сатып алуға болатынына көбірек мән береді.
Бұл құбылыстың түп-тамырына XIX ғасырда-ақ Карл Маркс назар аударған болатын. Ол өндірілген байлық пен оның қоғам ішінде бөлінуі екі бөлек мәселе екенін айтқан. Қазіргі экономика ғылымында бұл ұғым «табыс теңсіздігі» деген атаумен белгілі. Осы тұста тағы бір маңызды сұрақ туындайды: егер экономикадағы өсім әрдайым халықтың тұрмысын жақсарта бермесе, онда бағаның үздіксіз қымбаттауына не әсер етеді? Бұл сұрақтың жауабы көбіне инфляция ұғымымен байланысты.
Реттеушінің өз еркі қанша «қаржы» шығарса...
Инфляция – белгілі бір уақыт аралығында тауарлар мен қызметтердің жалпы бағасының өсуі. Қарапайым тілмен айтқанда, бүгінгі мың теңгеге сатып алуға болатын заттардың көлемі ертең азаюы мүмкін. Яғни мәселе ақшаның санында емес, оның сатып алу қабілетінде жатыр. Сондықтан экономистер халықтың нақты табысын бағалағанда жалақы көлеміне ғана емес, инфляция деңгейіне де назар аударады.
«Көп адам АҚШ триллиондаған доллар шығарып жатқанын көреді де, «Неге оларда баға бірден шарықтап кетпейді?» деген сұрақ қояды. Ал Қазақстанда ақша көп басып шығарылса, инфляция күшейеді деген пікір кең таралған. Шын мәнінде, айырмашылық ақша шығаратын станокта емес, сол валютаға деген сұраныста жатыр. Ақшаның құны оны қанша шығарғаныңызбен емес, оны қанша адам пайдаланғысы келетінімен анықталады. Сондықтан инфляцияны түсіну үшін алдымен валютаның экономикадағы орнын түсіну қажет», – дейді сарапшы.
© коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
Қаржыгердің айтуынша, бұл құбылысты қарапайым мысал арқылы түсіндіруге болады. Оның пікірінше, ақша белгілі бір деңгейде билеттерге ұқсайды. Егер сол билеттерге сұраныс жоғары болса, олардың құны сақталады. Ал сұраныс азайған жағдайда олардың бағасы да төмендейді.
«Елестетіп көріңіз, сіз үлкен концерт ұйымдастырдыңыз. Егер оған бүкіл қала келгісі келсе, қанша билет шығарсаңыз да, сатып алушы табылады. Бірақ концертке қызығушылық танытатын адам аз болса, билет көбейген сайын оның құны төмендей береді. Валюта да дәл осындай қағидамен жұмыс істейді. Егер ақшаға сұраныс жоғары болса, оның құны сақталады. Ал сұраныс жеткіліксіз болған кезде артық ақша инфляцияға айналады», – дейді Жәңгір Бектемісов.
Сарапшының сөзінше, доллардың ерекше мәртебесі де дәл осы сұраныспен байланысты. Бүгінде халықаралық сауданың басым бөлігі доллармен жүргізіледі. Көптеген мемлекеттің орталық банктері резервтерін де осы валютада сақтайды. Сондықтан АҚШ экономикасына шығарылған жаңа долларлардың едәуір бөлігі әлемдік нарықтарға таралып кетеді.
«Мұнай саудасы, халықаралық келісімшарттар, орталық банктердің резервтері – мұның бәрі доллармен есептеледі. Сондықтан Америка шығарған жаңа ақшаның айтарлықтай бөлігі өзге елдердің экономикасына кетеді. Басқаша айтқанда, әлем долларды өз еркімен ұстап отыр. Сол себепті АҚШ-та ақша массасының өсуі ішкі нарықтағы бағаларға бірден қысым түсірмейді. Бұл артықшылық кез келген мемлекетке беріле бермейді», – дейді қаржыгер.
Экономистің пікірінше, Қазақстан жағдайы мүлде басқа. Өйткені теңгенің айналым аумағы негізінен ел ішіндегі нарықпен шектеледі. Қазақстаннан тыс жерде теңгеге сұраныс өте төмен. Сондықтан экономикаға қосымша ақша түскен кезде оның әсері ішкі нарықта әлдеқайда жылдам сезіледі.
«Теңге әлемдік резервтік валюта емес. Оны шетелдік орталық банктер қор ретінде ұстамайды, халықаралық сауданың негізгі бөлігі де теңгемен жүргізілмейді. Сондықтан Ұлттық банк шығарған қосымша ақша ел ішінде қалады. Ал тауар көлемі бұрынғы деңгейде болса, нарықтағы артық ақша бағалардың өсуіне алып келеді. Яғни мәселе ақшаның өзінде емес, ақша көлемі мен тауар көлемінің арақатынасында», – дейді ол.
Жәңгір Бектемісовтің айтуынша, Қазақстандағы инфляцияға импортқа тәуелділік те айтарлықтай әсер етеді. Себебі елде тұтынылатын көптеген тауар сырттан әкелінеді. Мұндай жағдайда ұлттық валютаның әлсіреуі бағаның өсуіне тікелей ықпал етеді.
Тұрмысы теңгерімді елдің теңгесі тұрақты
«Біз күнделікті пайдаланатын көптеген тауар шетелден келеді. Импорттаушылар тауар сатып алу үшін теңгені долларға немесе басқа валютаға айырбастайды. Егер нарықта теңге көбейсе, шетел валютасына сұраныс артады. Нәтижесінде доллар қымбаттайды. Ал доллар қымбаттаған сайын сырттан келетін өнімдердің бағасы да өседі. Сондықтан инфляция кейде ақша массасының өсуінен ғана емес, валюта бағамы арқылы да күшейеді», – дейді сарапшы.
Қаржыгердің пайымдауынша, инфляцияны тек бағаның өсуі ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның артында ұлттық валютаның тұрақтылығы, халықаралық нарықтардағы жағдай және ел экономикасының құрылымы сияқты көптеген фактор тұр.
«Инфляция – бұл дүкендегі бағаның өзгеруі ғана емес. Ол экономиканың қаншалықты теңгерімді дамып жатқанын көрсететін көрсеткіштердің бірі. Егер ақша көлемі өндірістен жылдам өссе немесе экономика импортқа шамадан тыс тәуелді болса, инфляциялық қысым күшейеді. Сондықтан мәселені тек ақша басып шығарумен түсіндіру дұрыс емес. Инфляция – экономиканың көптеген саласы өзара әсер ететін күрделі құбылыс», – деп түйіндейді Жәңгір Бектемісов.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те өзінің Сенаттағы баяндамасында инфляцияны Қазақстан экономикасының алдындағы негізгі сын-қатерлердің бірі екенін атап өткен еді. Оның айтуынша, 2024 жылдың қыркүйегінде инфляция деңгейі шамамен 13 пайызға жақындаса, 2025 жылдың мамырында бұл көрсеткіш 10,4 пайызға дейін төмендеген. Дегенмен Ұлттық банк жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9-11 пайыз аралығында қалыптасады деп болжап отыр.
2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсті. Алтын-валюта резервтері 65,4 миллиард долларға жетті, Ұлттық қор активтері 63,9 миллиард долларға дейін ұлғайды. Зейнетақы активтері 25,1 триллион теңгеге жетіп, банк секторының активтері 70,8 триллион теңгені құрады.
Дегенмен бұл деректер экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқаты әрдайым бірдей қарқынмен өзгермейтінін көрсетіп отыр. Мәселен, экономика 6,5 пайызға өссе де, инфляция 10 пайыздан жоғары деңгейде сақталса, азаматтардың едәуір бөлігі тұрмысындағы оң өзгерісті толық сезіне алмауы мүмкін.
Тимур Сүлейменовтің баяндамасындағы тағы бір маңызды жайт – әлемдік инфляциялық қысымның әлі де сақталуы. Халықаралық валюта қоры биылғы жылы әлемдік инфляция деңгейі 4,4 пайыз болады деп болжап отыр. Сонымен қатар жаһандық экономиканың өсу қарқыны 3,1 пайызға дейін баяулауы мүмкін. Бұл сыртқы факторлардың Қазақстан экономикасына да әсер ететінін көрсетеді. Өйткені бүгінгі әлемде энергия ресурстарының бағасы, логистикалық шығындар немесе халықаралық саудадағы өзгерістер ішкі нарықтағы бағаға тікелей ықпал етеді.
Сондықтан инфляция тек экономистер талқылайтын абстрактілі көрсеткіш емес. Ол әр отбасының бюджетіне, жинақ жасау мүмкіндігіне, тұрғын үй сатып алу жоспарына және жалпы өмір сапасына әсер етеді. Ұлттық банк инфляцияны бір таңбалы деңгейге түсіруді басты мақсат ретінде белгілеп отыр. Себебі баға тұрақтылығы болмаса, экономикалық өсімнің нәтижесін халық толық сезіне алмайды.
Кәмила ДҮЙСЕН