Қарағанды қаласында су құдығына түскен екі жұмысшы қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиға қала орталығында таңғы сағат 11:00 шамасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 59 және 63 жастағы құрылыс компаниясының жұмысшылары су құбыры мен өрт сөндіру гидранты орналасқан құдыққа түскеннен кейін қайта шыға алмаған.
Оқиға орнына келген құтқарушылар оларды сыртқа шығарғанымен, екі азаматтың да көз жұмғаны анықталды.
Қазір полиция мен еңбек инспекциясы қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысында жұмысшылардың қандай тапсырма орындағаны, қауіпсіздік талаптарының сақталғаны және өлімге нақты не себеп болғаны тексеріледі.
Осыған ұқсас жағдай Шахтинск қаласында да тіркелді. Дүкен аумағындағы құдыққа құлаған 66 және 69 жастағы екі ер адам құтқарушылардың көмегімен аман-есен шығарылды. Қазіргі уақытта оларға медициналық көмек көрсетілуде.
Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметінше, қаза тапқандар MK Story Group және REALCOM компанияларының қызметкерлері болған. Оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.