20 сағаттық әуе рейстерін Qantas қалай жайлы етпек?

Аустралияның Qantas әуе компаниясы 2027 жылдың қазан айында әлемдегі ең ұзақ тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Сиднейден Лондонға және кейінірек Нью-Йоркке ұшатын жаңа бағыттар шамамен 20 сағатқа созылады.

Reuters материалы негізінде Aikyn.kz ұзақ әуе сапарларының концепциясы болашақта қалай өзгеретінін түсіндіреді.

Әуе компаниясы ұзақ сапарларды жолаушыларға барынша жайлы ету мақсатында ғылым мен технологияға сүйенген жаңа шешімдер әзірлеуде. Qantas-тың  Project Sunrise жобасы бірнеше жыл бойы зерттеліп келеді. Әуе компаниясы Airbus A350-1000ULR ұшақтарын арнайы бейімдеп, ұзақ рейстер кезінде ағзаның биологиялық сағатына түсетін жүктемені азайтуды көздейді.

Сидней университетінің ұйқы медицинасы профессоры Питер Чистуллидің айтуынша, бұндай рейстердегі басты проблема – бірнеше уақыт белдеуін бірден кесіп өту. Лондон бағыты жеті-тоғыз, ал Нью-Йорк бағыты он төрт-он алты уақыт белдеуін қамтиды. Сондықтан жолаушылардың ұйқысы мен сергектігін сақтау үшін арнайы ғылыми тәсілдер қолданылмақ.

Жобаның негізгі ерекшеліктерінің бірі – жарықтандыру жүйесі. Ұшақ ішінде күннің шығуы мен батуын имитациялайтын арнайы жарық сценарийлері орнатылады. Олар жолаушылардың ағзасын жаңа уақыт белдеуіне тезірек бейімдеуге көмектеседі. Сонымен қатар тамақ беру уақыты да қайта қаралған. Мысалы, ұшақ көтерілгеннен кейін бірден тамақ берілмейді, бұл жолаушылардың ұйқы режимін бұзбауға бағытталған.

Ұшақ салонында арнайы  Wellbeing Zone  немесе «Сауықтыру аймағы» жасалады. Бұл жерде жолаушылар қозғалып, созылу жаттығуларын жасап, ұзақ отырудың салдарын азайтады. Дизайнер Дэвид Каон бұл аймақты «бассейн жағасында демалып жатқандай әсер қалдыру үшін» жобалағанын айтады.Qantas ұзақ рейстердің коммерциялық әлеуетіне де үлкен үміт артып отыр. Компания бұндай сапарлар жолаушыларға уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді деп есептейді. Лондон мен Сидней арасындағы дәстүрлі маршруттардағы транзиттік аялдамаларды алып тастау арқылы төрт сағатқа дейін уақыт үнемделеді.

Алайда әлеуетті жолаушылар үшін басты сұрақтар өзгеріссіз қалып отыр. Ол – жайлылық пен баға. Qantas эконом-кластағы орындар арасындағы арақашықтықты 84 сантиметрге дейін ұлғайтқанын хабарлады. Сонымен қатар аяққа арналған қосымша кеңістігі бар Economy Plus аймақтары ұсынылады.

Qantas басшылығы бұл рейстердің бағасы бір аялдамалы рейстерге қарағанда шамамен 20% қымбат болатынын жасырмайды. Дегенмен компания уақытты үнемдеу, жоғары деңгейдегі жайлылық және ғылымға негізделген қызмет көрсету бұл айырмашылықты ақтайды деп санайды.

Егер жоба сәтті жүзеге асса, Qantas әлемдік авиацияда жаңа стандарт қалыптастырып, ең ұзақ әуе сапарын ерекше саяхат тәжірибесіне айналдыра алады.