Шығыс Қазақстан облысында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдай Ұлан ауданындағы «Аюда» шатқалында, «Асу-Бұлақ орман шаруашылығы» КММ аумағында болған. Онда құрғақ шөп, ағаштар өртенген.
Өртті сөндіруге Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, Қазавиаорманқорғау десантшылары және ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ-ға қарасты 2 тікұшағы жұмылдырылды. Тілсіз жаумен күрес жаяу топтар арқылы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тікұшақтар әуеден су шашуда.
ТЖМ авиациясы 13 рет су төгіп, жалпы көлемі 39 тонна су шашқан. Қазір өрттің негізгі ошақтары оқшауланып, жалынның үлкен аумаққа таралуына жол берілген жоқ. Өрт аумағы нақтыланып жатыр.