Тараздағы түзеу мекемесіне жасырын камерасы бар көзілдірік кіргізбек болғандар ұсталды

Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі хабарлады

19 маусым күні сағат шамамен 13:10-да алдын ала алынған жедел ақпаратты іске асыру барысында Тараз қаласындағы №59 мекемесінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің бақылау-өткізу тобының әскери қызметшілерімен бірлесіп, қысқа мерзімді кездесу үшін келген азаматтың жеке заттарын тексеру іс-шараларын жүргізді.

Тексеру барысында келушінің жеке заттарының арасынан мекеме аумағына алып кіруге тыйым салынған техникалық құрылғы анықталды.

Аталған зат кәдімгі қара көзілдірік ретінде бүркемеленгенімен, іс жүзінде жасырын аудио және бейнежазба жасау құралдарымен жабдықталған құрылғы болып шықты. Тексеру іс-шаралары басталар алдында азаматқа заңда белгіленген тәртіппен тыйым салынған заттар мен техникалық құралдарды өз еркімен тапсыру талабы түсіндірілген болатын, алайда бұл талап орындалмаған.

Осы факті бойынша материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеліп, оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды.

Сондай-ақ ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдардың назарына жеткізілді. Жиналған материалдар құқықтық баға беру үшін сотқа жолданды.