ABC News хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz америкалықтардың Артемида III миссиясының құрамымен таныстырады.
2027 жылға жоспарланған миссияға төрт астронавт қатысады. Экипаж құрамына NASA астронавты әрі миссия командирі Рэнди Бресник, Еуропалық ғарыш агенттігінің (ESA) өкілі, италиялық астронавт Лука Пармитано, сондай-ақ NASA астронавттары Фрэнк Рубио мен Андре Дуглас кірді.
NASA өкілдерінің айтуынша, Артемида III ғарышты игеру тарихындағы ең күрделі миссиялардың бірі болмақ. Миссия барысында астронавтар Orion ғарыш кемесімен Жер орбитасына көтеріліп, кейін Blue Origin және SpaceX әзірлеп жатқан коммерциялық қону модульдерімен түйісу операцияларын орындайды. NASA-ның ұшу операциялары жөніндегі директоры Норм Найттың айтуынша:
«Бұл NASA жүзеге асырған ең күрделі миссиялардың бірі болады».
Бағдарламаның басты мақсаты – болашақта Ай бетіне тұрақты экспедициялар ұйымдастыру үшін қажетті технологияларды сынақтан өткізу. Экипаж бірнеше күн бойы орбитада қону модульдерімен жұмыс істеп, тек ғарыш жағдайында тексеруге болатын өмірді қамтамасыз ету жүйелерін сынайды.
Миссия барысында жаңа буындағы түйісу жүйесі, жетілдірілген жылу қалқаны және Жер мен Orion арасындағы деректер алмасуды жақсартатын байланыс технологиялары қолданылады.
«Артемида II бізге Айды қайта көрсетті. Ал Артемида III адамзаттың Айға тұрақты оралуының негізін қалайды», – дейді NASA әкімшісі Джаред Айзекман.
Айта кету керек, биыл сәуір айында жүзеге асқан Артемида II миссиясы соңғы 50 жылдан астам уақыттағы алғашқы пилотты Ай экспедициясы болды. Экипаж 10 күн ішінде шамамен 700 мың миль қашықтықты еңсеріп, Айдың арғы бетін айналып өтті.
NASA мамандарының пікірінше, Артемида III бағдарламасы ғарыш зерттеулерінің жаңа дәуірін бастап, халықаралық ынтымақтастықтың маңызды үлгісіне айналады. Экипаж құрамында NASA мен Еуропалық ғарыш агенттігінің өкілдерінің болуы да осының дәлелі. Алдағы уақытта астронавтар қарқынды дайындықтан өтіп, адамзаттың Айға қайта оралуына жол ашатын тарихи миссияны жүзеге асыруға кіріседі.