«Қант, сүт, ұнды мүлдем тұтынбайды»: дәрігер Роналдудың тамақтану құпиясын түсіндірді

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай тамақтану жүйесі спортшының жоғары физикалық формасын сақтауға көмектескенімен, оның артықшылығы мен кемшілігі де бар.

Әлемге әйгілі футболшы Криштиану Роналду ұзақ жылдан бері қант, сүт өнімдері мен ұннан жасалған тағамдарды тұтынбайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Маманның пікірінше, қанттан бас тарту қандағы глюкоза деңгейінің күрт көтерілуін болдырмай, семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтуы мүмкін. Ал ұн өнімдерін шектеу артық калориядан сақтап, дене салмағын бақылауға көмектеседі.

Сонымен қатар Роналдудың рационында ақуызға бай тағамдар, балық, көкөністер мен пайдалы майлар басым. Бұл бұлшықет массасын сақтауға, ағзаның қалпына келуін жеделдетуге және спорттық нәтижені арттыруға ықпал етеді.

Десе де дәрігерлер сүт өнімдерінен толық бас тарту әр адамға бірдей қолайлы емес екенін ескертеді. Өйткені олар кальций, ақуыз және D дәруменінің маңызды көзі саналады. Сондықтан мұндай қоректік заттарды басқа өнімдер арқылы толықтыру қажет.

Мамандардың айтуынша, Роналдудың диетасының тиімділігі тек тамақтанумен ғана байланысты емес. Ол тұрақты жаттығу жасап, ұйқы режимін қатаң сақтайды және зиянды әдеттерден аулақ жүреді. Сондықтан оның нәтижесін тек диетамен түсіндіру дұрыс емес. Дәрігерлер кез келген тамақтану жүйесін таңдағанда адамның жасы, денсаулық жағдайы мен өмір салты ескерілуі тиіс екенін атап өтті.