Мемлекет төлейтін пәтерлерге жаппай тексеріс басталады

Енді әкімдік қызметкерлері мемлекет жалдау ақысының 50 пайызын төлеп отырған пәтерлерді тоқсанына кемінде бір рет тексеруге құқылы болады.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап тұрғын үй жалдау субсидиясын алатын қазақстандықтарға қатысты жаңа бақылау тәртібі күшіне енеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Енді әкімдік қызметкерлері мемлекет жалдау ақысының 50 пайызын төлеп отырған пәтерлерді тоқсанына кемінде бір рет тексеруге құқылы болады.

Тексеру барысында пәтерде субсидия алушының өзі тұрып жатқан-жатпағаны, бөтен адамдардың тұруы және тұрғын үйдің қосалқы жалдауға берілмегені анықталады.

Егер пәтерден бөгде адамдар табылса, заңбұзушылықты жоюға үш күн уақыт беріледі. Қайталанған жағдайда субсидия тоқтатылып, азамат бағдарламаға қайта қатысу құқығынан айырылуы мүмкін.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл өзгерістер жалған схемалар мен мемлекеттік көмекті заңсыз пайдаланудың алдын алу үшін енгізілгенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда мемлекет көпбалалы отбасыларға, жетімдерге, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жалдау ақысының жартысын субсидиялайды.