Футболдан әлем біріншілігінде Кюрасао құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Е тобындағы матчта Кюрасао Эквадормен 0:0 есебімен тең түсіп, әлем чемпионатындағы алғашқы ұпайын алды.
Матчтан кейін Нидерланд королі Виллем-Александр мен патшайым Максима Кюрасао футболшыларымен бірге қуанышты сәтті атап өтті. Әлеуметтік желілерде корольдік жұптың Кюрасао ойыншыларымен бірге билеген видеосы тарады.
Кюрасао — Нидерланд Корольдігінің құрамындағы автономды ел. Сондықтан Нидерланд корольдік отбасының бұл құраманы қолдауы ерекше назар аудартты. Associated Press мәліметінше, король Виллем-Александр, патшайым Максима және ханшайым Ариана сол күні алдымен Нидерланд – Швеция матчын, кейін Канзас-Ситиде өткен Эквадор – Кюрасао кездесуін тамашалаған.
Кюрасао үшін бұл нәтиже тарихи болды. Reuters дерегінше, Эквадор матч бойы 28 соққы жасағанымен, Кюрасао қақпашысы Элой Ром 15 сейв жасап, командасын жеңілістен құтқарды. Бұл — әлем чемпионаты тарихындағы 90 минут ішінде жасалған ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Кюрасао әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатыр. Бұған дейін команда Германиядан 1:7 есебімен жеңілген еді. Алайда Эквадорға қарсы ойында ұпай алып, турнирдегі алғашқы тарихи нәтижесін тіркеді.