Қазақстанда 24 маусымнан бастап 2012 жылғы үлгідегі 2000 теңгелік банкнота төлем құралы ретінде қабылданбайды. Бұл банкнотаның қатар айналымда жүру мерзімі аяқталады.
Ұлттық банк ескі үлгідегі банкноталарды айырбастау мүмкіндігі сақталатынын еске салды. 24 маусымнан кейін де барлық екінші деңгейлі банк пен «Қазпошта» бөлімшелері 2000 теңгелік ескі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға 3 жыл бойы айырбастайды.
Ал Ұлттық банктің филиалдары мұндай банкноталарды мерзімсіз айырбастайды.
Бұған дейін маусым айының соңында 2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкнотаны да қатар айналымнан шығару жоспарланған еді. Алайда кейін оның айналым мерзімі 2027 жылдың шілдесіне дейін ұзартылды.
Ұлттық банк бұл шешімді банк жүйесіне түсетін жүктемені азайту үшін қабылдағанын түсіндірді. Ведомствоның мәліметінше, 2000 және 10 000 теңгелік банкноталардың қатар айналымын бір уақытта тоқтату банктерге қосымша салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан 10 000 теңгелік ескі банкнотаның мерзімін ұзарту азаматтар мен бизнеске оны біртіндеп әрі ыңғайлы ауыстыруға мүмкіндік береді.