Бельгия мен Иран ойынында ел күтпеген нәтиже тіркелді

Бельгия құрамасы матчты бір ойыншы кем аяқтады

Футболдан 2026 жылғы әлем біріншілігінде G тобындағы үшінші тең нәтиже тіркелді. Екінші турда Бельгия мен Иран құрамалары 0:0 есебімен тең ойнады.

Бірінші таймда Иран құрамасы есеп ашуға жақын болды. Алайда Мехди Таремидің голы офсайдқа байланысты есепке алынбады.

Бельгия құрамасы матчты бір ойыншы кем аяқтады. 66-минутта Натан Н’Гой қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Соған қарамастан, бельгиялықтар негізгі көрсеткіштер бойынша басым болды. Бельгия қақпаға дәл соққы саны бойынша 7:3, допқа иелік ету бойынша 70 пайызға 30 пайыз, xG көрсеткіші бойынша 1.82-ге 0.63 есебімен алда болды. Осы нәтижеден кейін екі құраманың да еншісінде 2 ұпайдан бар. Алғашқы турда Бельгия Мысырмен, ал Иран Жаңа Зеландиямен тең түскен еді.

G тобындағы екінші турдың тағы бір матчында Жаңа Зеландия мен Мысыр кездеседі. Ойын 22 маусымға қараған түні өтеді.