Петропавл қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы академиясы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Биыл еліміздің күштік құрылымдарының қатары 150-ден астам жас офицермен толықты. Олардың қатарында халықаралық ынтымақтастық аясында білім алған Тәжікстан Республикасының өкілдері де бар.
Биылғы түлектер шығарылымы оқу орнының тарихына ерекше оқиға ретінде енді. Академия тарихында алғаш рет бірден бес түлек қызмет өткеру орнына аттанбай тұрып-ақ «аға лейтенант» әскери шеніне ие болды. Олардың үшеуіне офицерлік погондарды Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстаса, тағы бірі Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің қолынан алды. Ал Тәжікстан Республикасының өкіліне түлектер шығарылымы рәсімінде берілді.
Салтанатты іс-шараға құқықтық тәртіп әскерлерінің қолбасшылығы, ардагерлер, профессорлық-оқытушылық құрам, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Биылғы рәсім әскери дәстүрлерді, заманауи технологияларды және ұлттық тарих элементтерін ұтымды үйлестірді. Іс-шараның ең әсерлі көріністерінің бірі – қазақ даласының даңқты батырларына арналған театрландырылған қойылым. Көрініс Отан қорғаушылар сабақтастығын және әскери қызметтің рухани бастауларын айшықтай түсті.
Мерекелік кештің ерекше сәнін «Ұлан рухы» әнінің тұсаукесері келтірді. Жаңа туындыны Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің солистері мен Академияның жеке құрамы бірлесіп орындады. Ән орындалған сәтте көкке Мемлекеттік Ту мен Ұлттық ұланның туын алып шыққан төрт дрон көтерілді. Бұл көрініс құқықтық тәртіп әскерлерінің қызметінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының кеңінен пайдаланылып жатқанын айшықтады.
Салтанатты рәсім құрама әскери оркестрдің және Құрмет қарауылы ротасы әскери қызметшілерінің өнер көрсетуімен сүйемелденді. Қару-жарақтың жарқылымен көмкерілген саптық дефиле барысында ұландықтар жоғары жауынгерлік машықтарын паш етіп, қойылымды Ұлттық ұлан рәмізінің әсерлі көрінісімен түйіндеді.
Дәстүр бойынша мереке офицерлер вальсімен аяқталды. Вальс кезінде жас лейтенант Батырхан Абылденов сүйіктісіне көпшілік алдында үйлену туралы ұсыныс жасады. Осы қуанышты сәтке куә болған қаруластары, командирлері мен қонақтар жас офицердің батыл қадамын қолпаштады. Бұл махаббат оқиғасы түлектер үшін де, қонақтар үшін де ұмытылмас сәт болып қалды.
Ұлттық ұлан академиясы еліміздегі жетекші әскери жоғары оқу орындарының бірі болып қала береді. Осы уақытқа дейін оқу орны 4 мыңнан астам офицер даярлап шығарды. Бүгінде олар Ұлттық ұлан мен Қазақстанның өзге де күштік құрылымдары қатарында абыройлы қызмет атқарып, азаматтардың қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.