Ауқымды сайысқа ел өңірлеріндегі әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, күштік құрылымдар мен әскери оқу орындарының командалары ғана емес, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің командалары да қатысады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Астанаға Кеңес Одағының Батыры Дайыр Асанов атындағы Қырғыз ұлттық әскери лицейінің тәрбиеленушілері келді. Қырғыз әскери лицейінің тәрбиеленушісі Ажыбек Рысқұлов Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Ол өз командасы жақсы нәтиже көрсетіп, елінің намысын қорғауға дайын екенін атап өтті.
– Біз халықаралық жарысқа барынша қарқынды дайындалдық. Бұл біз үшін өзімізді көрсетуге, жақсы тәжірибе алып, басқа елдердің өкілдерімен танысуға мүмкіндік, – деді А.Рысқұлов.
Бүгін Астанаға Әзербайжаннан Гейдар Әлиев және Джамшид Нахичеванский атындағы әскери лицейлердің, Өзбекстан Қорғаныс министрлігі «Ватан таянчи» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері, сондай-ақ Ресейден Кеңес Одағының Батыры Привольже федералдық округі Ғани Сафиуллин атындағы Татарстан кадет корпусының өкілдері келді.
– Қазақстаннан өте жақсы әсер алдық. Жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы, әсем табиғаты пен қалалардың заманауи келбеті бізді ерекше таңғалдырды. «Айбын» әскери-патриоттық жиынынан біздің команда жаңа тәжірибе, пайдалы білім алып, әртүрлі елдердің жастарымен таныстық күтеді. Бұл жиын біздің командамызға жарқын әсерлер мен жаңа достар сыйлайды деп сенемін, – деді Ресей делегациясының жетекшісі Юрий Зеленков.
Шетелдік командалар қазір Ақмола облысындағы Щучинск қаласына келіп жетті. Олар Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» оқу полигонындағы далалық лагерьге орналастырылды.
Аумақтың инфрақұрылымын қарап шыққаннан кейін жарысқа қатысушылар күн тәртібімен және іс-шаралар бағдарламасымен танысты.
Мандаттық комиссия қатысушылардың санаттары бойынша өнер көрсету ретін анықтады. Ал қазылар алқасы командалардың өкілдеріне жарысты өткізу шарттары мен бағалау критерийлерін түсіндірді.
Жарыстар шетмемлекеттер командалары, өңірлердің әскери-патриоттық клубтары, күштік құрылымдар және әскери мектептер секілді төрт топ бойынша ұйымдастырылған. Жиынға қатысушыларды әскери-қолданбалы, интеллектуалдық және шығармашылық сайыстар күтіп тұр. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің ауқымды іс-шарасына барлығы мыңға жуық адам жиналды.
Келу күні қатысушылардың «Сәлем, Айбын!» атты кездесуімен аяқталды. Онда командалар өз өңірлерін, оқу орындарын, әскери-патриоттық клубтарын таныстырып, бейресми жағдайда еркін пікір алмасты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.