Каспий теңізіне мұнай төгілді

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа құбырдың механикалық зақымдануы себеп болған.

Әзербайжан жағалауындағы Каспий теңізінде мұнайдың төгілу дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мұнай дағы Дюбенди жағажайы маңынан анықталған.

Ластану туралы хабардан кейін мамандар теңіз акваториясын кемелер мен тікұшақтың көмегімен тексерді. Алғашында мұнайдың қайдан тарағаны белгісіз болғанымен, кейін оның Azneft компаниясына тиесілі суасты мұнай құбырынан шыққаны белгілі болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа құбырдың механикалық зақымдануы себеп болған. Мамандардың болжамынша, құбырға кеме зәкірі тиіп кеткен болуы мүмкін.

Мұнайдың одан әрі таралуына жол бермеу үшін зақымданған учаске арқылы мұнай тасымалдау дереу тоқтатылды. Қазір оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.