Күн ысыған тұстың әр маусымында туристер легімен қайта «жанданып», табиғат пен адам ықпалы қатар тоғысатын кеңістікке айналады. Алайда бұл жандану өзімен бірге экожүйеге түсетін салмақты да еселей түсірген, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ресми деректерге көз жүгіртсек, осы жылдың 15–22 маусым аралығында ғана «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 70 мыңнан астам адам келген. Туристік ағынның артуы табиғи аумаққа түсетін қысымды күрт күшейтіп отыр. Сол қысымның ең көрінетін салдары – қоқыс көлемі.
Парктің ресми мәліметіне сәйкес, осы қысқа мерзім ішінде аумақтан 116 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылған. Ал маусым айының басынан бері жиналған қоқыс көлемі 336 тоннаға жеткен. Мамандар мұны шамамен салмағы 220 жеңіл автокөлікке тең деп бағалап отыр. Ең алаңдатарлығы – бұл көрсеткіштің жай ғана статистика емес екені.
Мамандардың айтуынша, тек бір айдың өзінде жиналған қалдық көлемі жыл басынан бергі алғашқы бес айда шығарылған қоқыстан да асып түскен. Бұл – жазғы туристік маусымның экологиялық тепе-теңдікке тікелей ықпал етіп отырғанын айқын көрсетеді.
Табиғат тынысы мен адам ықпалы
Табиғат жанашырлары үшін Бурабай – тек демалыс орны емес, экожүйесі нәзік табиғи кешен. Сондықтан әрбір артық салмақ – тек эстетикалық мәселе емес, ұзақмерзімді экологиялық қауіп. Осыған байланысты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің дирекциясы рейдтік іс-шараларды күшейтіп отыр. Мамандардың айтуынша, жазғы туристік маусымға арнайы жоспар бекітіліп, құқық қорғау органдарымен бірлескен бақылау күшейтілген.
– Табиғатты қорғау режимін бұзу деректерінің алдын алу және жолын кесу мақсатында рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар инспекторлар күнделікті бақылау жұмыстарын атқарып отыр», – дейді «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің баспасөз қызметінен.
Заңбұзушылық: табиғаттағы ұсақ әрекет – үлкен салдар
Ресми ұсынылған деректерге қарағанда, тек өткен демалыс күндерінің өзінде ғана 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға табиғи аумақ ережелерін бұзу фактілері бойынша айыппұл салынған.
Атап айтқанда, автокөлікті рұқсат етілмеген жерге жүргізу, орман ішіне кіру, арнайы белгіленбеген аумақта шатыр тігу сияқты әрекеттер тіркелген.
Мамандар мұндай ұсақ көрінетін әрекеттердің өзі табиғатқа ұзақмерзімді зиян келтіретінін айтады. Себебі көлік доңғалағы таптаған топырақ қалпына келуі үшін аса ұзақ жылдар қажет. Ал рұқсатсыз демалыс орындары табиғи тепе-теңдікті бұзады.
Туризм дамуы – жауапкершілікпен қатар жүруге тиіс
Парк өкілдері келушілерге алдын ала бағыт жоспарлауды, тек ресми демалыс аймақтарын пайдалануды және табиғатқа ұқыпты қарауды ескертеді. Олардың айтуынша, бүгінгі басты міндет – туризмді шектеу емес, оны мәдениетті әрі экологиялық жауапкершілікпен дамыту. Өйткені Бурабайдың табиғи байлығы – тек аймақтың ғана емес, елдің ортақ бренді. Ал брендтің болашағы әрбір келушінің әрекетіне тікелей байланысты.
Қоқыс көлемінің артуы, рейдтердің күшеюі және айыппұл санының көбеюі – жай ғана әкімшілік дерек емес. Бұл табиғаттың адам әрекетіне беріп отырған үнсіз сигналы іспетті. Бурабай бүгінде бір сұрақтың алдында тұр. Туризм табиғатты байыта ма, әлде оны қажыта ма? Жауап табиғатқа келген әрбір адамның жауапкершілігінде болмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы