1960 жылы туған ер адам Павлодар облысындағы Маралды көлінің жағажайында демалып жүрген кезде жағдайы күрт нашарлаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Жедел жәрдем станциясының мәліметінше, Шарбақты ауданында ер адам өкпе ісінуіне ұшырап, үшінші дәрежелі комаға түскен. Алғашқы көмекті жергілікті медицина қызметкерлері көрсетіп, кейін науқас аудандық ауруханаға жеткізілген. Алайда ол қабылдау бөлімінде көз жұмған.
Өткен демалыс күндері өңірде суға байланысты тағы екі оқиға тіркелді. Павлодарда 15 жастағы қыз өзенге аяғын шаю үшін кіргенде құмға батып, суға құлаған. Ол дер кезінде құтқарылып, ауруханаға жеткізілді.
Сондай-ақ Баянауылдағы Сабындыкөл көлінде 1950 жылы туған ер адам суға батып кете жаздаған. Оны демалушылар құтқарып қалған.
Дәрігерлер аптап ыстықта суға түсу кезінде температураның күрт өзгеруі созылмалы ауруларды асқындырып, денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.