Елге қызмет ету – елдік дәстүр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметшіге қатысты айтқан салмақты пікірі, байсалды бағасы бар. 2024 жылдың 20 ақпанында Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысқан болатын. Сол жиында мемлекеттік қызметші болу антқа адалдық екенін атап өткен еді.

«Мемлекеттік қызметшінің сапасы бүкіл еліміздің сапасы деп айтуға болады. 

...Мемлекеттік қызметші болу – антқа адал болу деген сөз», – деп еді Президент.

Әдетте 23 маусымда мемлекеттік қыз­метшілер өздерінің кәсіби мерекесін тойлайды. Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын, 2002 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас ассамблеясының 57-ші сессия­сында 23 маусым – Мемлекеттік қызмет күні болып бекітілген болатын. Қазақстан бұл күнді 2013 жылы «Мемлекеттік қызметші күні» деген атаумен кәсіби мейрамдар қатарына қосты. Күнтізбелік кес­теде кәсібіи мереке ретінде көрсетілгенімен, бұл күні мемлекеттік қызметшілер әдеттегідей жұмыстарын істей береді. Сөйтіп, халыққа қызмет көрсетуін жалғастырып жатыр. 

Мемлекеттік қызметші – сапалы маман

Ел ішінде мемлекеттік қызметке қатыс­ты қызық пайым бар. Бұқара әдетте бұл салада көбіне ер азаматтар жұмыс істейді деп ойлайды. Өйткені министрлердің көбі, облыс әкімдерінің барлығы, Мәжіліс және Сенат депутаттарының басым көпшілігі – ер азаматтар. Алайда Қазақстанда 83 200-ден астам мемлекеттік қызметші болса, олардың 56,2 пайызы – әйелдер. Сөйте тұра, әйел азаматтар басқарушы лауазымдардың 93,1 пайызын иеленіп отыр. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 40,5 жас болса, 35-ке толмаған азаматтардың үлесі 33,2 пайыз екен. Қызметшілердің орташа еңбек өтілі 12,1 жылды құрайтын көрінеді. Бұл ресми деректі біз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен алдық. Былтыр агенттік мемлекеттік қызметте еңбек ететін ерекше қажеттілігі бар жандардың санын 942 адам деп көрсеткен. Биыл бұл деректер өзгеруі бек мүмкін. Өйткені биыл 19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға қол қойды. Жаңа заң Қазақстан Республикасының 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында әзірленген, соны сипаттағы құжат саналады. Бұл заң мемлекеттік қызмет моделін одан әрі жаңғыртып, жетілдіруді көздейді. Міне, дәл осы заң инклюзия мәселесін де ескерген. Яғни ерекше қажеттілігі бар азаматтардың мемлекеттік қызметті атқаруына бөгет жоқ деген сөз. Заң биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі таратқан мәліметтерге қарағанда жаңа редакциядағы заң мемлекеттік қызметтің миссиясын бекітуді, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуді, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процес­терді цифрландыруды көздейді. Сол үшін жаңа құжатта мемлекеттік қызметтің мақсаты мен оны өткеру қағидаттарын, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге және олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптарды бекіту қарастырылған. 

«Заң мемлекеттік қызметшілер­дің ­клиентке бағдарланған мінез-құлық моде­лін енгізуді көздейді. Олар мемлекет көрсететін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет алдында тұрған міндеттерді тиімді орындауға бағытталған.Заңда мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел инс­титутын енгізу көзделген. Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында заң­да мемлекеттік қызметке кіруге даярлау инс­­ти­тутын енгізу қарастырылған. Ол мемле­кеттік функцияларды тиімді орындауға қажетті құзыреттерді қалыптастыру мен дамытуға бағытталған білім беру іс-шаралары кешенін қамтиды», – делінген агенттіктің ресми ақпаратында.

Сондай-ақ жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа көшеді. Үміткерлерді іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен ­объективтілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекеттік қызмет саласында ішінара кездесіп тұратын сыбайластықтың тамырына балта шабу тетігі әзір­леніп отыр. Сонымен қатар тәртіп бұзған мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігін күшейту де қарастырылған. Яғни мемлекеттік қызметтің беделіне нұсқан келтірген қызметкерлер жазасыз қалмайды деген сөз. Біздің па­йымдауымызша, бұл өте маңызды норма болса керек. Өйткені мемлекеттік қызметші – іс жүзінде елдің айнасы. Олар өз халқымызға да, шетелдіктерге де қызмет көрсетеді. Демек, мемлекеттік қызметшінің әдепті болмағы, тіпті жұмыстан тыс уақытта да оғаш қылықтарға бармауы өзекті деген сөз. Айталық, мемлекеттік қызметші есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекусорларын медициналық мақсаттан тыс қолданса, мас кү­йін­де көлік жүргізсе, еңбек тәртібін бұзса, белгілі бір жауапкершілікке тартылады. Әрине, бұл айтылғандар онсыз да кез келген азаматты әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатын оғаш қылықтар екені анық. Дегенмен мемлекеттік қызметшінің оғаш әрекеттерінің зардабы бөлек. Бірінші кезекте ол нақты жауапкершілік жүктесе, екіншіден моральдық салмағы да бар. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заң мемлекеттік қызметші арқылы мемлекеттің беделі түспеуі керек екенін меңзеп тұр. 

Мемлекеттік қызмет жайлы сөз еткенде саладағы жетістіктерді бір заңның қабылдануымен ғана өлшеу әбестік болар. Рас, 2026 жылдың ортасына енді жеттік, биылғы жұмысқа баға беру алдағы уақыттың еншісіндегі дүние. Бірақ былтырғы жылдың қорытындысы қолымызда бар. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жыл басында қорытынды жасаған. 

Агенттіктің алқа отырысында ве­домс­тво басшысы Дархан Жазықбай 2025 жыл мемлекеттік қызмет жүйесі институцио­нал­­дық тұрғыдан жаңғыртылған жыл болғанын айтқан еді. Айталық, былтыр Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеу кезеңі өткізіліпті. Нәтижесінде, резерв 6 бағыт бойынша 50 салалық білікті маманмен толыққан. Жобаға қызығушылық артыпты. Егер 2019 жылы 13 мың азамат қатысуға ниет білдірсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 32 мыңға жеткен. Жалпы, резервке алынған 450 азаматтың 337-сі бүгінде түрлі салаларда еңбек етіп жүрген көрінеді. Өңірлік кадр резервтеріндегі 538 маманның 260-ы жаңа лауазымдарға тағайындалып, олардың 193-і жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызметке орналасқан. 

Салаға жас мамандар тарту да ерекше қарқын алыпты. Былтыр университетті үздік дипломмен (GPA 3,33-тен төмен емес) бітірген 735 түлек конкурстан тыс ауылдық және аудандық деңгейдегі лауазымдарға қабылданған. Агенттік 964 жоғары лауазымға конкурссыз тағайындауды келісіп, олардың 19,5%-ы квазимем­лекеттік және жеке сектор өкілдері болды.

2025 жылы мемлекеттік қызметке іріктеу және кадрларды басқару толықтай цифрландырылды. Бүгінде онлайн іріктеу 94 мемлекеттік органды қамтып отыр. Цифрлық іріктеудің тиімділігінің нәтижесінде орта есеппен бір бос орынға 7 үміткерден келіп, бәсекелестік 3,5 есеге артыпты. Яғни ел ішінде мемлекеттік қызметші болуды мұрат тұтқандардың қарасы көбейді деген сөз. Біздің пайымдауымызша, бұл мемлекеттік қызмет саласының беделі өсіп келе жатқанын көрсететін болса керек. Ал оған саладағы реформалар, цифрландыру әсер еткені сөзсіз. 

Мемлекеттік қызмет дәстүрі бар халықпыз

Мемлекетке адал қызмет ету ұғымы қа­зақ үшін жаңа құндылық емес. Мөде қаған­нан бастап Білге қаған, Жүсіп Баласағұни еңбектеріне дейін мемлекет мүддесін жеке бастың қамынан жоғары қою идеясы үзілмей жалғасып келеді. Бүгінгі мемлекеттік қызметшіге қойылып отыр­ған адалдық, кәсібилік, жауапкершілік талаптары да осы елдік дәстүрмен сабақтас.

Мысал ретінде айтсақ, түркі халықтары арасында кең тараған Мөде қаған туралы аңыз соның бір көрінісі болса керек. Қытай тарихшысы Сыма Цянның «Тарихи жазбаларында» баяндалатын бұл оқиғада қаған тұлпары мен әйелін сұраған дұшпандарына қимас серіктерін береді де, жер сұрағанда соғыс ашады. Сөйтіп, жеке басына қатысты дүниелерден гөрі елдің жерін, мемлекеттің мүддесін жоғары қояды. Бәлкім, қаған өз дәуіріндегі бектеріне де осы талапты қойған шығар... Ғұн мемлекетінің дәуірлеуінің сыры да осында жатқан болар, кім білсін?!

Ал көк түріктер дәуірінен жеткен Білге қаған жазбаларында: «Түрік жұрты үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, қызыл қанымды төктім, қара терімді сықтым» деген жолдар бар. Бұл – билік пен қызметті артықшылық емес, халық алдындағы жауапкершілік деп түсінген мемлекетшілдік сананың айғағы.

Кейін Жүсіп Баласағұни «Құтадғу білігінде» ел басқару мәдениеті мен мемлекеттік қызметтің қағидаларын жан-жақты саралап, ізгі заң мен әділ басқаруды мемлекеттің басты тірегі ретінде бағалады. 

Бірер жыл бұрын бәйіттермен жазылған аталған еңбекті қарасөзге айналдырған зерттеуші Бекарыс Нұриман бізге берген бір сұхбатында ғалым еңбектің ерекше қырын айтқаны бар. «Жүсіп Баласағұнии заң жайлы сөз еткенде «төрү» де­ген сөз қолданады. «Едгү төрү» дейді. Қа­­зіргі игі, ізгі дейтін сөздеріміздің түп төр­кіні сол «едгү», ал «төрү» дегеніміз – заң. Мұны «ізгі заң» деуге болады. Автор заңды шығарушылар не деді, заңның орындалуын қадағалаушылар не деді, бәрін айтады. Бір сөзбен айтқанда, заң шығарушы және оның орындалуын бақылаушы органдардың жұмыс істегенін байқаймыз. Мәтіндерден соны ұғамыз. Демек, сол дәуірдің өзінде мемлекет басқа­ру ісінің жетілгені білінеді. Насихатта «сен «едгу төрү» – ізгі заң жаса. Ізгі заң жасасаң, ер­тең сен өмірден өткен соң да артыңда жақ­сы атың, ізгілігің қалады. Ізгілікпен еске алынасың. Ал егер қатаң заң орнатсаң, оның зардабын халық көреді, сен өлген соң сені ешкім жақсы­лықпен еске алмайды. Зұлымдықпен қатар еске алады» дейді», – деп пікір білдірген еді Бекарыс Тілегенұлы. 

Міне, бұл айтылғандар да мемлекетшілдіктің, мемлекеттік қызметтің біздің ұлтпен бірге жасасып келе жатқанын біл­дірсе керек. Кейінгі дәуірлерде де мемлекеттік қызметші болу жайлы сүбелі-сүбелі аңыз-әпсаналар, ескі әңгіме бізге көп жетті. 

Мемлекетті маңдайына біткен бағына теңеу Жошы дәуірінде де, Алтын орда заманында да, Қазақ хандығы кезінде де болған. Ұлы жыраулардың барлығы дерлік мемлекеттің іргесі бекем болуын тілеп, соны жырлады, елдік жолында еңбек етті. Осылайша, мемлекетке адал қызмет ету дәстүрі ғасырлар бойы үзілмей жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Демек, бүгінгінің мемлекеттік қызметшісі ертедегі егеулі найза өңгерген ерлермен, аузы дуалы билермен рухтас деген сөз. Тек заман мен заң бөлек. Бірақ талап өзгермеді. Елдікке қызмет ету – міндет, антқа адалдық. Әдетте әскери және мемлекеттік қызметшілер ғана ресми түрде ант береді. Президенттің мемлекеттік қызметші антқа адал болу дегенді білдіретінін айтқаны содан болса керек.

Амангелді ҚҰРМЕТ