Ақмола облысына қарасты Астрахан ауданында жапан түзде денесінде сау-тамтығы қалмай көгерген бала табылды. Иен далада кешкі уақытта жалғыз жүрген бес жасар балақайдың денесінен түрлі жарақаттар мен соққы іздері анықталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, балаға дене жарақатын әкесінің туған ағасы келтірген болуы мүмкін. Алайда тәртіп сақшылары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп жатыр. Тергеу барысында ата-анасы айтқан нұсқалар да назардан тыс қалмайды.
– Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша екі бірдей қылмыстық іс тергелуде. Оның бірі – кәмелетке толмаған баланы азаптау фактісі болса, екіншісі – баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша қозғалған, – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Полиция өкілдері кәмелетке толмаған баланың қатысуымен жүргізілген барлық тергеу әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес жүзеге асырылғанын мәлімдеді.
Қазір бес жасар бала медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында. Ал құқық қорғау органдары оның иен далада қалай жападан жалғыз қалғанын және денесіндегі жарақаттардың нақты қандай жағдайда пайда болғанын анықтап жатыр.
Бұл оқиға қоғамда балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы