Ұлттық ұлан оркестрі полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Петропавл қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетімді оркестрі Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шеру мен мерекелік концерт өткізді.

Әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесінде Ұлттық ұлан оркестрі полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Петропавл қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетімді оркестрі Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шеру мен мерекелік концерт өткізді. Музыкалық бағдарлама GuardNext жобасы аясында ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарын тәнті етті.
Әуелі қаланың ең танымал орындарының бірінде әскери музыканттардың салтанатты шеруі өтті. Одан кейін оркестр концерттік бағдарламасын ұсынды. Онда әскери-патриоттық шығармалар мен отандық эстраданың танымал туындылары орындалды. Музыканттар мерекелік көңіл күй сыйлап, Отанға қызмет етудің маңызын, халық бірлігін және мемлекеттік құндылықтарға құрметті дәріптеді.

Әскери өнерпаздар ашық аспан астында тұрғындарға рухани демалыс сыйлап, Қызылжар аспанын әуезді әуенге бөледі. Жұртшылық оркестрдің өнерін тамашалау үшін бір сәт аялдап, әсерлі көріністі ұялы телефонға таспалады. Көпшілікке таныс әуендерді бірге орындап, ұландықтарға өз алғыстарын білдірді.
Іс-шараны өткізу орны оның мән-маңызын одан әрі айшықтай түсті. Концерт Қазақстан Конституциясы көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында өтті. Бұл көше ең ұзын Арбат ретінде танымал және бүгінде әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуге үміткерлер қатарында.

Концерт Ұлттық ұланның қоғам өміріндегі маңызды орнын тағы бір мәрте айқындап, әскери-патриоттық мәдениеттің азаматтық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлін көрсетті.
GuardNext музыкалық жобасы Ұлттық ұланда тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба әскери-оркестрлік өнерді дәріптеуге, жастардың патриоттық тәрбиесін нығайтуға және әскери қызметшілер мен қоғам арасындағы мәдени байланысты дамытуға бағытталған.
Айта кету керек, шығармашылық жоба ауқымын кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі көрерменнің ықыласына бөленуде. Ашық аспан астындағы концерттер өңір тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырып келеді. Осыған байланысты Петропавлдағы концерт жергілікті тұрғындардың өтініші мен шақыруы негізінде ұйымдастырылды.

Бүгінде Қазақстанның бірнеше қаласының тұрғындары да өз өңірлерінде осындай концерттердің өтуіне қызығушылық танытып, GuardNext жобасының қатысушыларын шақыру жөнінде бастама көтеруде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.