Көкшетауда жүргізуші куәлігі жоқ әйел жаяу жүргіншіні басып өлтіргені үшін сотталды

Ол тұрғын үй ауласында көлік жүргізіп келе жатып жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Көкшетауда жүргізуші куәлігі жоқ әйелдің қатысуымен болған жол апатына қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ауыр жарақат алған әйел кейін ауруханада көз жұмды.

Қайғылы оқиға мамыр айында болған. Сотталушы көлікпен аулаға бұрылған сәтте жаяу жүргіншіні байқамай қалғанын айтқан. Ол сотта өз кінәсін толық мойындап, күйеуінің денсаулығына байланысты оның рұқсатымен рульге отырғанын жеткізді. Бірақ әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған.

Сот оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Дегенмен екі кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі үш жылға кейінге шегерілді.

Үкім шығару кезінде сот әйелдің бұрын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, жасаған ісіне өкініш білдіргенін және моральдық шығынды өтегенін ескерді. Сондай-ақ марқұмның туыстары соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Бұдан бөлек, жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға рұқсат бергені үшін сотталушының жұбайына қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр. Жол апатынан көз жұмған әйел 52 жаста болған. Ол 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп келген.