«Денесі көгерген, өзі аш болған»: даладан табылған бес жасар баланың жағдайы белгілі болды

Ақмола облысында көк ала қойдай болып ауыр жарақат алған күйде жапан түзден табылған бес жасар баланың қазіргі жағдайы белгілі болды.

Дәрігерлердің айтуынша, бүлдіршіннің өміріне тікелей қауіп жоқ. Алайда оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аурухана палатасының маңына полиция қызметкерлері қойылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ақмола облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Смағұлованың мәліметінше, бала алғашында Астрахан аудандық ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілген.

– Бүлдіршін ауруханаға денесі соққыдан көгерген, аш және қараусыз қалған күйде түсті. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, қажетті тексерулер тағайындады. Кеше ғана бала Көкшетаудағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Мұнда оған қосымша тексерулер жүргізіліп, бейінді мамандардың кеңесі ұйымдастырылады. Қазіргі жағдайы тұрақты, өміріне тікелей қауіп төніп тұрған жоқ, – дейді Мәдина Смағұлова.

Дәрігерлердің айтуынша, бес жасар бала өте ашық мінезді. Қазір оның тәбеті жақсы, мамандармен және медицина қызметкерлерімен еркін тіл табысып жүр.

Алайда оқиғаның мән-жайы толық анықталғанға дейін қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Осыған байланысты баланың жатқан палатасы тәулік бойы полиция қызметкерлерінің бақылауына алынған.

– Қазіргі уақытта баланың қауіпсіздігі үшін палатаның жанында полиция қызметкерлері кезекшілік атқаруда. Жалпы, бұл мәселемен қорғаншылық органдары мен құқық қорғау органдары айналысып жатыр, – деп толықтырды басқарма өкілі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысының Астрахан ауданында кешкі уақытта иен далада жалғыз жүрген бес жасар баланың табылғаны хабарлаған едік. Оның денесінен түрлі жарақаттар мен соққы іздері анықталған.

Алдын ала мәлімет бойынша, балаға дене жарақатын әкесінің туған ағасы келтірген болуы мүмкін. Дегенмен тергеу аясында оқиғаның барлық нұсқасы жан-жақты қарастырылып жатыр.

Аталған факті бойынша құқық қорғау органдары екі бірдей қылмыстық іс қозғады. Оның бірі – кәмелетке толмаған баланы азаптау дерегі болса, екіншісі – баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша тергелуде.

Қазір қоғамды алаңдатқан оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ал кішкентай бүлдіршін дәрігерлердің жіті бақылауына алынып, қажетті ем-домын алуда.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы