«Айбын–2026»: 5 елден жиналған 53 команда халықаралық әскери-патриоттық сайыста бақ сынайды

Жиынның алғашқы күнінде қонақтар мен қатысушылар заманауи әскери техника және атыс қаруларының үлгілерімен танысып, олардың техникалық және жауынгерлік мүмкіндіктері жөнінде ақпарат алды.

22 маусым күні Ақмола облысы Щучинск қаласында «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанаты өтті. Ауқымды іс-шара алаңында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген 1000-ға жуық жас патриот бас қосты. 53 команда бақ сынайтын жарыстар биыл Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» оқу полигоны базасында ұйымдастырылып отыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әскери-патриоттық іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы Күштердің ардагерлері, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков жарысқа қатысушыларға арнап сөз сөйлеп, «Айбынның» маңызына тоқталды.

– Халықаралық «Айбын» жиыны – әртүрлі мемлекеттердің жастары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын, отансүйгіштік рухты қалыптастыратын, көшбасшылық қабілеттерді дамытып, әскери дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелейтін бірегей алаң. Бұл жиын әрбір қатысушы үшін жаңа тәжірибе, жаңа таныстықтар мен үлкен жетістіктерге бастайтын маңызды қадам болады деп сенемін, – деді ол.

Сонымен қатар Асқар Мұстабеков жыл сайын «Айбынның» ауқымы артып келе жатқанын ерекше атап өтті. 

– 2018 жылы балалар мен жасөспірімдердің «Жас сарбаз» патриоттық қозғалысын ашуға осы «Айбын» серпіліс берді. Нәтижесінде, елдің түкпір-түкпірінде «Жас сарбаз» қозғалысы құрылып, қазір мыңдаған сарбаз осы жерде патриоттық тәрбие алып жатыр. Ал 2023 жылдан бері «Айбын» жобасы халықаралық деңгейде өтеді. Бүгінде жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген командалар қатысып жатыр. Бұл – тек өз елімізде емес, халықаралық деңгейде де патриоттық тәрбиеге үлес қосу. Әскери сайыстан бөлек өзге елден келген балаларға еліміздің мәдениеті мен тарихын көрсететін іс-шаралар да ұйымдастырылады. Басты мақсаты – салауатты, білімді, Отанына адал қызмет ететін жасөспірімдерді тәрбиелеу, - деп атап өтті Асқар Мұстабеков.

Жиынның алғашқы күнінде қонақтар мен қатысушылар заманауи әскери техника және атыс қаруларының үлгілерімен танысып, олардың техникалық және жауынгерлік мүмкіндіктері жөнінде ақпарат алды.

Өзге мемлекеттерден келген қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, бұл іс-шараның мән-маңызы зор екеніне тоқталды.

– Қырғызстан командасы биыл «Айбынға» 3 жыл қатысып жатыр. Алғаш рет 2024 жылы келгенбіз. 15 жасөспірім келді, 1,5-2 ай дайындалдық. Балалардың даярлығы жақсы, жеңіске жетеміз деген ойдамыз. Бізде Қырғызстанда мұндай жарыстар әзірге тек мемлекеттік деңгейде өтіп жүр. 2027 жылы халықаралық деңгейде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, – деді Қырғыз ұлттық әскери лицейінің қызметкері, майор Нұрсұлтан Қошойұлы.

Ал «ЮНАРМИЯ» бүкілресейлік әскери-патриоттық қозғалысы Бас штабының мүшесі Павел Мамонтов мұндай жиын халықаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Біз «Айбын» халықаралық жиынына үшінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Осы уақыт ішінде іс-шараны ұйымдастыру деңгейінің жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын байқадық. Ұйымдастырушылар бізді әрқашан ерекше құметпен қарсы алады. Ал жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау жоғары бағаға лайық, – деді ол. 

Сайысқа Ақтөбе облысынан келген жас сарбаз Ілияс Исалиев іс-шараның атмосферасы, жалпы ұйымдастырылу деңгейі ерекше ұнағанын айтты. Биыл 9-сыныпты аяқтаған жасөспірім келешекте әскери салада қызмет етуді армандайды.

«Айбынға» биыл алғаш қатысуым. Команданың рухы берік, өте мықты. Жеңіске жетеміз деген ниетпен келдік. Оған өзім де сенімдімін. Ал келешекте мектеп бітірген соң әскери саланы таңдауды жоспарлап отырмын. Жалпы мұндағы атмосфера өте керемет. Әр өңірден келген қатарластарымызбен танысып, дос болып кеттік. Тамақтары да өте дәмді. Бәрі ұнап жатыр», - деп ағынан жарылды Ақтөбе облысы командасының мүшесі Ілияс  Исалиев.

Көпшілік арасында ерекше қызығушылық тудырған сайыстардың бірі – робототехника бағыты болды. Абай облысынан келген «Абай қырандары» командасының жас сарбазы Олжас Қалижаров Smart sarbaz сайысына әзірлеген жобасы жөнінде айтып берді. Олар өзі жүретін артилерия роботын құрастырып шыққан. Бұл роботтың ерекшелігі және мақсаты – қоғамдық орындарға бомба немесе басқа да қауіпті жарылғыш заттар қойылған жағдайда жылдам залалсыздандыру. 

– Әдетте бұл әскери қызметкерлердің міндеті. Соны ескере отырып, біз бұл істі робот арқылы жүзеге асыру туралы идеяны ұсынып отырмыз. Роботтың қаңқасын құрау үшін өте көп уақыт пен қаржы жұмсалды. Үшдөңгелекті робот оңға да, солға да еркін айналып, кез келген бағытта жүре алады. Сондай-ақ бомбаны залалсыздандыру үшін арнайы тістеуігі және өзінің дроны бар. Оған қоса робот ғимараттың 3D форматтағы макетін тікелей планшет немесе ноутбукке жібере алады. Роботқа екі камера орнаттық. Біріншісі – сканер жасауға арналған 3D камера, екіншісі – жан-жақты бақылауға арналған. Уақыт тығыз болғандықтан жарысқа 2 ай ішінде құрастырып, алып келдік. Алдағы уақытта тағы да қаржы құйып, жетілдіруге болады, - дейді жас сарбаз.

Бұл сайыс жас сарбаздардың заманауи технологияларды меңгеруге деген қызығушылығы мен ерік-жігерін көрсетті.

Сонымен қатар «Айбынның» алғашқы күнінде қатысушылар арасында «Жас сарбаз – Конституция қорғаушысы» атты зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Сайыс барсында әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері Қазақстан Республикасының Конституциясы, құқықтық мемлекеттің қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы білімін ортаға салды.

Қатысушылар дене дайындығы бойынша да бақ сынасты. Ұлдар белтемірге тартылу жаттығуын орындаса, қыздар шалқасынан жатқан қалыпта денені көтеру нормативін тапсырды. Бұдан бұлек жарыс жолының бірінші күнінде «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, Smart Sarbaz робототехника жарысы және «Айбын жұлдызы» шығармашылық сайысы өтті. 

«Айбын»  XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны 27 маусымға дейін жалғасады.