Полиция күніне байланысты Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мемлекеттік наградамен марапатталды

2026 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік рәсімге ІІМ басшылығы, ішкі істер органдарының қызметкерлері, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының офицерлері, қызмет ардагерлері және өзара іс-қимыл жасайтын мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов қызметкерлер мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар! Бұл мереке өз өмірін заңға қызмет етуге, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға арнаған ішкі істер органдары қызметкерлерінің бірнеше буынын біріктіреді. Полиция қызметі ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Олардың мол тәжірибесі, мамандыққа адалдығы және қызметтік міндеттерін мінсіз орындауы жас буын қызметкерлері үшін лайықты үлгі болып саналады, — деп атап өтті ведомство басшысы.

Құттықтау сөзінен кейін полицияның және Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының үздік қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстау рәсімі өтті.

Жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері, әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігін сақтауы, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Бас штабы бастығының бірінші орынбасары полковник Юрий Бондарев, елордалық 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Жандар Әшірбеков және «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Бақыт Алазов марапатталды.

Бірнеше рет түзеу мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеттерінің алдын алғаны үшін 5517 әскери бөлімінің 2-атқыштар ротасы кинологиялық қызмет мамандары тобының аға маманы (нұсқаушысы) ефрейтор Аманай Бақтығали «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Осы марапатқа аға прапорщик Манатбек Хамзаев та ие болды. Ол 2024 жылы Абай облысының Семей қаласы мен Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы орман өрттерін сөндіруге қатысып, төтенше жағдай жағдайында Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлесіп міндеттерді орындаған.

Әскери қызмет өткеру кезінде әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін 3477 әскери бөлімінің №1 арнайы комендатура коменданты майор Ринат Марденов, сержант Сырым Тұрсағұлов, аға сержант Ерлан Сауыпанов және аға сержант Зейнұр Жүнісбаев та «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Әскери қызметшілерді марапаттау олардың жоғары кәсібилігінің, әскери ант пен борышқа адалдығының, сондай-ақ елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесінің айқын көрінісі болды.