Жұмыс уақытында құмар ойын ойнаған 4 мемлекеттік қызметкер жұмыстан қуылды

Талдау нәтижесінде мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұмыс уақытында құмар ойындарға қатысу фактілері анықталды.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының прокуратурасы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңнама талаптарын, қызметтік тәртіпті және мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулерді сақтауына талдау жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Талдау нәтижесінде мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұмыс уақытында құмар ойындарға қатысу фактілері анықталды.

Аталған әрекеттер мемлекеттік қызмет қағидаттарына, қызметтік әдеп талаптарына қайшы келеді және мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіреді.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокуратура тарапынан прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, оны қарау нәтижесінде мемлекеттік органдардың 4 қызметкері атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.

Прокуратура органдары заңдылықты қамтамасыз ету, қызметтік тәртіпті нығайту және мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.