Трансұлттық қылмыстық топты басқарған күдікті Польшадан экстрадицияланды

Синтетикалық есірткіні сату және қылмыстық кірісті заңдастыру бойынша трансұлттық қылмыстық топты басқарған күдікті Польшадан экстрадицияланды.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Қазақстанның Польша Республикасындағы елшілігінің жәрдемдесуімен аталған елден есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған басшылық еткені үшін, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін Украина азаматын қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін экстрадицияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Арнайы прокурорлар қылмыстық істі тергеу барысында аталған тұлға трансұлттық қылмыстық топтың басшысы бола отырып, Telegram мессенджерінде Kaef Mafia интернет-дүкені арқылы есірткі және психотроптық заттарды жүйелі түрде байланыссыз сатуды ұйымдастырғанын анықтады.

Қылмыстық әрекет нәтижесінде банк шоттары арқылы 2,8 млрд теңгеден астам қаражат өткізілді, олар Қазақстаннан тыс жерге шығарылды, бірақ кейіннен қабылданған шаралар арқылы мемлекет пайдасына тәркіленді.

Сонымен қатар жедел  шаралар барысында осы қылмыстық топ мүшелерінен 1,2 келі  есірткі және психотроптық заттар алынды.

Қылмыс жасалғаннан кейін топ мүшелерінің бір бөлігі сотталды, ал күдікті ұйымдастырушы бола отырып, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланды.

Өткен жылдың желтоқсанында ол Польша аумағында ұсталды, сол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Оған айып тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.