2026 жылғы 24 маусымда Алматы облысы әкімдігінің конференц-залында «Кітап оқитын ұлт » жобасы бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Жұмағалиұлы Тұрлыбеков құжатқа қол қойып, республикалық кітап оқу марафонына дайындық жұмыстарының өңірлік кезеңін ресми түрде бастады.
2026 жылдың 16 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру және шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат қоғамның зияткерлік дамуын қамтамасыз ету және кітаптың әрбір қазақстандықтың өміріндегі рөлін күшейту жолындағы мемлекеттің стратегиялық бағытын бекітті. Бұл тарихи құжат отбасы мен мектептегі кітап оқу дағдысын дамытудан бастап, кітап оқудың ұлттық инфрақұрылымын құруға дейінгі жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмыстарды көздейді. Алматы облысында Меморандумға қол қойылуы — осы стратегиялық құжатты өңірлік деңгейде іске асырудың алғашқы нақты қадамы болды. Осылайша, жетісулықтар бұл бастаманы қолдап қана қоймай, оның белсенді қозғаушы күшіне айналуға дайын екенін көрсетті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамыту мәселесіне әрдайым ерекше мән беріп келеді. Президенттің "Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады" деген сөзі бұл саланың қоғам өміріндегі рөлін айқын көрсетеді. Осы орайда, қабылданған арнайы Жарлық бұл бағыттағы жұмысқа жаңа серпін берді. Білім мен тәрбиенің, рухани құндылықтардың алтын ордасы саналатын кітапхана саласын дамыту — Алматы облысындағы басты басымдықтардың бірі болып қала береді»,- деді Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев Марат.
«Кітап оқитын ұлт» жобасының негізгі өзегі — мектеп оқушыларын, студенттерді, ұстаздарды, отбасыларды және барша оқырман қауымды «көп оқу, саналы оқу, бірге оқу» идеясының төңірегіне біріктіретін ауқымды Республикалық кітап оқу марафоны болмақ.
Меморандумға қол қою арқылы облыста марафонға дайындық кезеңі басталды. Оның аясында өңірлік жобалық кеңсе құрылып, білім беру және мәдениет мекемесінде үйлестірушілер анықталады, сондай-ақ қатысушыларды тіркеу мен оқылған кітаптарды есепке алуға арналған цифрлық платформа іске қосылады. Облыс басшылығы мектеп оқушыларынан бастап ересектерге дейінгі барлық тұрғындарды бұл марафонға барынша кеңінен тартуды көздеп отыр.
«Президент Жарлығы тарихи серпін берді. Ендігі міндет — оны шынайы өмірлік тәжірибеге айналдыру. Республикалық кітап оқу марафоны — бұл бір реттік іс-шара емес, бұл жаңа мәдени дәстүрдің бастауы. Алматы облысы — біздің алғашқы серіктестеріміздің бірі. Білім мен мәдениеттің терең тамыры бар бұл өңірде жоба халықтық қолдауға ие болып, ерекше мәнге ие болатынына сенімдімін.»Бақытжан Тұрлыбеков, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» ҚҚ төрағасы
Іс-шараға мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өкілдері: әкімдік басшылығы, мәдениет, білім, ішкі саясат және жастар саясаты басқармаларының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж бен мектеп директорлары, кітапхана жүйелерінің жетекшілері, облыстық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, жазушылар, мәдениет қайраткерлері мен журналистер қатысты. Мұндай ауқымды құрам кітап оқитын ұлтты қалыптастыру — мемлекеттің, білім беру саласы мен азаматтық қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте айғақтады.
Ашық пікірталастан кейін тараптар өңірлік жобалық кеңсені құрудың басталғанын және Алматы облысында Республикалық кітап оқу марафонына дайындық жұмыстарының іске қосылғанын жариялады.