Абай облысында той кортежіне қатысқандарға 19 әкімшілік хаттама толтырылды

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан барлық жүргізушіні анықтады.

Абай облысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған той кортежінің қатысушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

2026 жылғы 21 маусым күні сағат 19:30 шамасында Ақсуат ауданының Ақсуат ауылындағы Қабанбай көшесінде бірнеше көліктен құралған той кортежінің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін елемей, қауіпті маневрлер жасап, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан барлық жүргізушіні анықтады.

Тексеру қорытындысы бойынша Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Chevrolet, Toyota және Lada Priora автокөліктерінің бес жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Құқық бұзушыларға қатысты жалпы саны 19 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың қатарында маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізу, апаттық жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау фактілері бар.

Сондай-ақ тәртіп бұзған жүргізушілердің көліктері мамандандырылған айып тұрағына қойылды.

Абай облысының Полиция департаменті мерекелік іс-шаралар жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын сақтаудан босатпайтынын еске салды.