Көркеюге негіз қалаған келісімдер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге ресми сапары аясында ЕО және Еуропалық инвестициялық банктің ресми тұлғаларымен кездесті.

Президент Сауда және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчовичпен, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Морамен кездесу өткізді.

ЕО және ЕИБ жоғары лауазымды өкілдерімен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ЕО көшбасшылары Антониу Коштамен және Урсула фон дер Ляйенмен өткен келіссөздер нәтижесін жоғары бағалап, кездесуде Астана мен Брюссель арасындағы стратегия­лық серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара бейіл екендерін растағанын айтты.

Мемлекет басшысы бұл сапардың экономикалық құрамдас бөлігі, атап айтқанда, құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылуы еуропалық бизнестің Қазақстан экономикасына және елде жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімін байқататынын жеткізді.

Осы орайда Президент Еуропалық инвестициялық банкпен серіктестіктің нәтижелі сипатына көңілі толатынын атап өтіп, аталған қаржы институтымен алдағы ынтымақтастық Қазақстанның орнықты экономикалық дамуына және өңірлік өзара бай­ланыстарды арттыру бағытындағы бастамаларын ілгерілетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Сауда және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчович Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

Ол осы сапар аясында қол қойылатын маңызды коммерциялық келісімдер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша ұзақ жылдар бойғы бірлескен күш-жігердің нәтижесі екеніне тоқталды. Кездесу соңында тараптар өзара мүдделі салалардағы ортақ бастамаларды ілгерілету мақсатында конструктивті диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ елді саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаңғыртудың негізгі бағыттары талқыланды.

Президент мемлекеттік институттарды одан әрі дамытуды, басқару тиімділігін арттыруды және халықтың тұрмыс сапасын көтеруді көздейтін қазіргі өзгерістер жөнінде айтты.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Groupe ADP компаниясының бас директоры Филипп Паскальмен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Groupe ADP компаниясы басшысының кездесуінде Алматы әуежайын дамытудың ұзақмерзімді перспективасына баса назар аударылды. Президент әуе хабтарын дамыту көлік-логистика саласындағы стратегиялық басым­дық­тардың бірі саналатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының бағалауынша, Groupe ADP компаниясының Алматы әуежайы инфрақұрылымын басқаруға атсалысуы табысты серіктестіктің жарқын үлгісі болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның жаңа халықаралық терминал салу секілді бірқатар маңызды жобаны тиімді жүзеге асырғанына тоқталды. Бұл инфрақұрылымның жаңаруына және жолаушылар санының жылына 14 миллионға дейін артуына мүмкіндік берді.

Филипп Паскаль Алматы әуежайын дамытуға арналған ұзақмерзімді бас жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат берді. 2050 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру әуежайдың өткізу қабілетін жылына 55 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға жол ашады.

Сондай-ақ кездесуде өңірлердегі әуежайларды өр­кендету бойынша жаңа бірлескен жобаларды ілгерілету перспективасы талқыланды. Groupe ADP бас дирек­торы мемлекет авиациялық инфрақұрылымның қыз­метіне арналған оңтайлы нормативтік-құқықтық база жасақтағанын айтты.

Мемлекет басшысы Брюссельге сапары аясында қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы келісім саланы дамытудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.

Сапар аясында Президент Inditex Group бас дирек­торының орынбасары Сантьяго Мартинес-Лахе Соб­редоны қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Испания­ның Inditex Group компаниясы бас директорының орын­басары – сыртқы байланыстар жөніндегі дирек­торы Сантьяго Мартинес-Лахе Собредомен ынтымақ­тастық перспективасын талқылады.

Мемлекет басшысы экономикалық ықпалдастық қазақ-испан қарым-қатынасының негізгі тіректерінің бірі болып қала беретінін, ал Қазақстанда барлығы 60-қа жуық испандық компания жұмыс істейтінін айтты.

Президент әлемдегі жетекші ритейлер санатына енетін Inditex тобының еліміздегі қызметін кеңейту және Қазақстанды Орталық Азияның басты көлік-логистика торабына айналдыру жөніндегі жоспарын құптады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ком­панияның уақыт өте келе елімізде логистика аясынан шығып, тоқыма саласында қуатты өндіріс орнын құра алатынына сенімді екенін жеткізді.

Сантьяго Мартинес-Лахе Собредо Қазақстанда кәсіпкерлік пен инвестицияға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бизнесті өркендету жоспарымен бөлісті. Қазір Inditex құрамына Zara, Pull&Bear, Massimo Dutti, Bershka сияқты отандық сауда желілерінде кеңінен ұсынылатын белгілі брендтер кіреді. Компания Алматы мен Қарағанды әуежайларының базасында өңірлік логистикалық хаб қалыптастырып жатыр.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Mediterranean Shipping Company аға вице-президенті Эдуард Зигристті қабылдады. MSC басшылығымен кездесу барысында көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эдуард Зигристке Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін күшейту бағытындағы нақты шаралар туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, Әзербайжан және Грузия елдерімен бірге бірыңғай ұзақмерзімді тариф моделін енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Каспий теңізіндегі жүк кемелері флотын кеңейту, Әзербайжанмен бірлесіп теңіз табанын тереңдету, сондай-ақ Құрық портын жаңғырту секілді негізгі инфрақұрылым жобалары қолға алынды.

Бұл ретте Мемлекет басшысы компанияның Каспий жағалауындағы порт инфрақұрылымына инвестиция салуға қызығушылығын құптап, мұндай жобалар аталған бағыттың бәсекеге қабілеттігін елеулі түрде арттыратынын, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемінің өсіміне ықпал ететінін айтты.

MSC аға вице-президенті Мемлекет басшысына компанияның ұзақмерзімді инвестициялық жоспары туралы баяндады. Оның аясында логистикалық терминалдарға, теміржол активтеріне, порт инфра­құрылымына және теңіз қызметтеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы әуе арқылы жүк тасы­малына қаржы құю қарастырылған.