Қорық әкімшілігі Қостанай облысы Наурызым ауданына қарасты Қарамеңді ауылында орналасқан. Бұл жерге жету үшін алдымен Астанадан Қостанайға пойызбен жолға шықтық, қалаға жетіп алған соң ауылға жүретін көлікке отырдық. Біздің қорыққа сапарымыз елдің солтүстігіндегі тамаша табиғатты көруге тұрарлықтай екеніне әбден көз жетті.
Қорық қызметкерлері әдетте келушілерге сәуір айында сапарлатуды ұсынады, дәл осы уақытта қорық тіршілігі түгелдей оянып, дала қызыл-сары кілемге боялып, Қызыл кітапқа енген қызғалдақтар гүлдей бастайды. Алғашында бұл сәтті көре алмадық деп өкіндік те, алайда дала сыры жан баласы үшін қашан да құпия екенін кейін түсіндік. Әр мезгілден, әр сәттен бөлек бір күй табасың. Аппақ реңге бояп, солтүстік даласын селеу басып жатыр екен. Самал ескен сайын селеудің толқынына қарап, теңізде жүзіп жүргендей әсерде келеміз. Әлемде бұл өсімдіктің 300-ге жуық түрі бар. Ал Наурызымда оның жеті түрі кездеседі, екеуі Қызыл кітапқа енген.
XVII ғасырда Мешітбай Сүгірұлы деген атақты би өмір сүріпті. Жәнібек Тархан қазақ жерін ноғайлардан, жоңғарлардан қорғап қалып, кейіннен Наурызым жерін Мешітбай Сүгірұлына басқаруға береді. Би шығыстан осы жаққа наурыз айында ат басын бұрады. Алыстан көл көрініп тұр, ар жақта орман мен әсем табиғатқа қарап тұрып «Мынау, расымен, наурыз ғой» деген екен, содан бері бұл жер Наурызым атанып кетті деген аңыз бар. Наурызым жерінің аты қалай пайда болғанын нақты ешкім де білмейді, бірақ бұл жер, расымен, Наурызым десе, Наурызым екен.
Техника түгел жаңарды
Түс ауған уақытта Қарамеңді ауылына да жеттік, бізді қорық басшысы Дулат Ғауезханұлының өзі күтіп алды. Күннің ыстығы қайтпай тұрса да, қорық аумағына шығып әңгіме құруды ұсындық. Жол талғамайтын ауыр көліктің біріне отырып, қорыққа қарай сүңгіп барамыз. Көзге бірден қорық базасындағы су жаңа көліктер түсті. Қорық басышысының айтуынша, қазір қорық қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыруға арналған техниканың саны артып келеді.
– Қазір Үкіметтің көзқарасы өзгерген, барлық техника түрімен қамтамасыз етіп жатыр. Қазір ұжымда 110 адам жұмыс істейді, 64 маман штатта, қалғаны – штаттан тыс жұмыскерлер. Бәрі де қызметтік формамен, жаңа техникалық көліктермен қамтамасыз етілген. Былтыр 8 өрт сөндіргіш көлік алдық, өздігінен өртті сөндіруге арналған, қауіпсіздік режимі орнатылған форсункалар әкелінді. Қазір 191 мың гектар аумақты бейнебақылау жүйесі арқылы түгелдей бақылай аламыз. Аумақта шаң көтерілсе де, түтін шығып, өрт тұтанса да, анықтайтын жүйеміз бар, – деп бастады ол әңгімесін.
Басшының сөзінше, шағын өрт сөндіру көліктерінің маңызы орасан, қазіргі жеңіл көліктерде 300 литр су құюға болады, бұл техникалар оқиға орнына тез жетіп, өрттің алдын алуға тиімді. Қазір қорыққа дәл осындай 6 көлік алынған, сонымен қатар бұл қатарда Niva Travel, ГАЗель Соболь, Great Wall Wingle, УАЗ Профи, Lovol, Howo Sitrak, КамАЗ АЦ-5, ГАЗ Садко, JAC T6 сынды заманауи техникалар бар. Бірнеше жыл бұрын болған орман өртінен кейін, расымен де, бұл салаға жаңашылдық келгенін байқадық.
– Қазір техникалық мүмкіндіктеріміз артып келеді, жалақымызды көтерді, жаңа көліктермен қатар дрон да алдық. Инспектордың жалақысы шамамен 250 мыңға дейін көтерілді, ары қарай еңбек өтіліне байланысты есептеле береді. Бұдан бөлек, 30 метрлік мұнараларға арнайы бақылау жүйесін орнаттық. Бір камера 30 шақырымға дейінгі аралықты жақындатып көрсете алады, осындай мұнаралы 10 бейнебақылау жұмыс істеп тұр, – дейді Дулат Ғауезханұлы.
Әңгіме айтып жатып, біраз жол да жүріп өтіппіз, жазық даладан ары Докучаевский қыратына шығып барамыз. Қорықтың биоалуантүрлі сипатына қайран қаласың, мұнда сулы-батпақты, шөлді-шөлейтті, қыратты, орманды жерде бар. Қорық Торғай мен Сыпсың ойпатында орналасқан, жалпы, аумақ Наурызым, Тірсек және Сыпсың атты үш бөліктен тұрады. Қорық ауданы 191 мың гектарға созылып жатыр. Мұнда 687 өсімдіктің түрі болса, 12-сі Қызыл кітапқа енген. 320 түрлі құс, 46 сүтқоректі мекен етеді, оның ішінде орман сусары Қызыл кітапқа енген.
Қорықтың өз тәртібі бар
Көліктен түсіп, ары қарай орманға кіріп барамыз. Биыл Наурызымда табиғат ерте оянған, ауа райы да құбылып, температура жоғарылап тұр. Дулат мырзаның айтуынша, күн қатты ысығанда, қорыққа қарапайым адамдарға кіруге болмайды. Сонымен қатар аумаққа кез келген адам емін-еркін кіре алмайды, арнайы рұқсат қағаз алу керек екен.
– Біріншіден, қорық болғандықтан да, қарапайым адамның кіруіне тыйым салынады, екіншіден, 30 градустан аса ыстық ауа райында кіруге шектеу қойылады. Кейде сырттан келетін қонақтар ауа райын ескермей, білмей қалып жатады. Сол кезде ғана қонақтарды кері қайтармай, алысқа жібермей көрсетіп шығамыз. Көктем туса, қорыққа келетін жұрт көбейе бастайды, сырттан келетін шетелдіктердің де саны артады, – дейді ол.
Қорық басшысының сөзінше, туристердің санына байланысты да шектеу қарастырылған, қорықтың өзіне тән ереже-тәртібі болады. Қорық аумағына 14-16 адамнан артық кіруге тыйым салынған. Жақында орнатылған бейнебақылау жүйесі де тәртіпті күшейтуге едәуір ықпал еткен көрінеді. Мысалы, бұл жүйе арқылы кімнің қайда бара жатқанын оп-оңай анықтауға болады, тіпті жан-жануарды анық көруге мүмкіндік бар.
– Таң ата камераны қарасақ, қабандар өріске шығады, бұландар жайылады, жануарлардың санағын да жүргізіп алуға болады. Қорықта шөп шабуға, от жағуға болмайды, туристік аймақ ретінде дамып келе жатқанымен, бәрі шектеулі тәртіппен жүзеге асады. Күніне бір, екі топты ғана кіргіземіз. Бұл шешіміміз өте дұрыс, әйтпесе неше түрлі қызмет көрсету орны салынып, аңдар үркіп қашып кетуі мүмкін, – дейді қорық басшысы.
Тіпті, мұндағы орман жидектерін теріп алуға болмайды, қорықта жабайы бүлдірген, сиверс алмасы, дала шиесі, қарақат мол өседі. Дала шиесінің ұзындығы 3 шақырымға дейін жетеді, алайда бұл жеміс-жидек аң-құстың қысқы азығы болғандықтан, тиісуге тыйым салынған.
– Бұл қорық болғандықтан, жануарларға биотехнологиялық өнімдер, яғни қысқы азық дайындамаймыз, аңдарға көмек жасамаймыз, аң ауламаймыз, ағаш та кеспейміз. Кейінгі жылдары санитарлық талаптарға сәйкес қана жұмыстар жүргізіп отырмыз, одан бұрын бір тал ағаш-бұтаға тиіспейтінбіз, құлаған, сынған ағаш сол орнында шіріп қала беретін, – дейді Дулат мырза.
Өртке қарсы күрес күшейген
Қорықта «Соснов», «Бетағаш» және «Наурызым» атты үш орманшылық бар. Біз бұл тұста Беатағаш орманшылығына жеткен едік. Қорық мамандары аумақты өрттен қорғау мақсатында түрлі шара атқарып жатқанын бұл кезде де байқап үлгердік. Жол бойы қап-қара жолақтарға көз алмай қарап келеміз, бұл минерал жолақ деп аталады екен. Қызметкерлер мұны көктем шыққанда, жер жыртып арнайы дайындайды, минерал жолақ от тұтанған жағдайда өртті өршітпей ұстайды. Наурызым 95 жылдық тарихында көптеген өзгерісті бастан кешірген. 50-жылдары мәртебесін жоғалтып, Аңшылық шаруашылығы да болды, одан 5 жылдан соң Орман шаруашылығына айналды, құрылысқа қаншама ағаш кесілді, аңдар атылды. 1966 жылы мәртебесін қайта иеленгенмен, қорық аумағы едәуір азайды. Қорық алғаш рет құрылғанда, 250 мың гектар аумақты алып жатқан, 1977 жылы 83 мың гектар ғана болды. 2004 жылы 103 мың гектарға жетсе, бүгінде сол сақтық шаралары мен тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде 191 мың гектарға ұлғайып отыр.
Бір қызығы, өткен ғасырда орманды аман алып қалу мақсатында, қолдан ағаш та егілген. 70 жылдары Мәскеуден, Санкт-Петербордан, Алматыдан, Көкшетаудан ғылыми қызметкерлер келіп, зерттеу жүргізген. Сол кезде қарағайдан айырылып қаламыз ба деген қорқыныш туып, қолдан ағаш егіле басталды, алайда кейін ол ағаштар ауырып өліп қалды, табиғатқа бейімделе алмай, аман қалғанының өзі жапырағын кең жая алмапты. Ал 1986 жылғы зерттеу нәтижесіне сәйкес, орман табиғи қалпын сақтап, ағаш өздігінен көбейетіні дәлелденді. Қорықтың ерекшелігі де осында, орман өзін қалпына келтіре алады, адам кірісіп, қандай да бір жағдай жасаудың қажеті жоқ. Қазір қорықта теректің 3, қайыңның 3, қарағайдың 4 түрі кездеседі. Оның ішінде қырғыз қайыңын (қызыл қайың) ерекше атауға болады. Қырғыз қайыңы – Қазақстанның эндемик өсімдігі, оны тек Солтүстік Қазақстан өңірінен таба аласыз. Бұдан бөлек, дала және орман тобылғысы мен итмұрынның 5 түрі бар.
Орманға бай табиғат қойнында жан-жануардың да небір түрі кездесетіні түсінікті. Осы ормандарда бұлан, елік мекен етеді, қасқырлар да бар, биыл ақбөкендер де осында қыстайды.
– Қазір фототұзақтардың санын арттырдық. Жақында үш түрлі жерге орнатқан фототұзақтан Қызыл кітапқа енген орман сусарын көрдік. Кейінгі рет бұл жануарды 2003 жылы көрген едік. Басшы болып келгенімде, браконьерлікпен күресті күшейттім, қазір ешқандай да заңбұзушылық тіркелген жоқ, бәрі ойдағыдай, – дейді Д. Ғауезханұлы.
Орманға енген сайын шаққыш жәндіктерге талана бастадық, мұнда 1000-ға жуық омыртқасыздар тіршілік етеді. Осындай алуантүрлілікке таңдандық та, жәндіктерге таландық та, бірақ оған қарамастан Дулат мырзаға сұрағымызды жаудырып келеміз. Осы бетте еліктің шауып өткенін көріп қалдық, ертегіге кіріп кеткендейміз. Бірнеше рет бұланды байқап қалдық, ағаштардан бұланның кемірген ізін көрдік, табиғаттың әр құбылысы бізге қызық болды.
Дала теңізіне шомылғандар
Мұндай табиғатты көрген жан баласында арман жоқтай көрінді. Расымен, талай шетелдік ғалым осы жерге келіп, топырағына аунап-қунап, армансыз өмір сүрген. Бірнеше жылын қазақ жерінің табиғатын зерттеуге арнаған. Қорықтың директоры Дулат Ғауезханұлының осы салаға деген махаббатын ашқан да сол – ғалымдар.
– Шығыс өңірінде әскери борышымды өтедім, сол жақтың табиғаты ерекше ұнады, өзім сол кезде биология мамандығын таңдап, жоғары оқу орнында оқып жүргенмін. Кейін туған жерге, Наурызымға оралдым, ғылыми қызметкерлермен таныстым. Дүниежүзінде жалғыз Дала институты бар, ол Орынбор қаласында орналасқан. Сонда Тибельев деген ғалым қызмет етеді, ол 4 жылда бір рет бүткіл даланы аралап, зерттеу жүргізеді. Бізге келіп, Тірсек жерін зерттеді, 70-ке қараған шағы болса керек. Тірсектің топырағына жатты да, жерге аунай берді, Мәскеуден келген басқа ғалымдар да жерге аунай бастады. Бұларға не болған, жыданғаннан сау ма деп таңғалдым, сонда көлік жүргізетін жігіттің бірі «Олар даланың теңізіне шомылып жатыр» деп айтты, – дейді Д.Ғауезханұлы.
Табиғатқа деген мұндай махаббаттан кейін Дулат мырза да өз ісін айрықша сүйіп кеткен екен. Әу баста әскери салада генерал боламын деп армандаған жас жігіт табиғатты қорғау саласының генералына дейінгі жолды жүріп өтті. Дулат мырза біз көрген ормандарды жаяу түгел аралаған, бұл жердің әр тасын, әр ағашын санасына жаттаған, қай ағашта қандай құстың ұясы барын біледі.
– Табиғат күн салқындағанда оянады. Бұландар, еліктер күн ыстықта қайыңның түбіне келіп жатып демалады, салқындайды, кешке жайылымға шығады. Ана жерде он екі терек өседі, сол жерде қасқырдың апаны бар. Мына жерде бүркіттің ұясы бар. Жабайы шошқалар бар. Мұнда орман құстары көп кездеседі, қарақұс та осында бар, Қазақстандағы қарақұстардың қырық пайыз осы жерде ұя салады. Мұнда үш жұп бүркіт бар, – деп сайрай жөнелді ол.
Дулат мырза табиғаттың тосын сыйын да талай көрген, жыртқыш жануарлармен де талай бетпе-бет кездесіп қалған. Орманды аралап келе жатып, есте ерекше қалған оқиғаларын да бөлісіп үлгерді.
– 2004-2005 жылдардың кезі. Әріптесіміз екеуіміз «Урал» мотоциклімен келе жаттық, күн ыстық, мотоцикл де қыза береді, өзіміз де шаршадық. Қолымызда видеокамера бар, сол кезде қасқырдың апанын суретке түсіруге шықтық. Тынығып отырған едік, бір мезетте тобылғының арасынан бірдеңе жүгіріп бара жатқандай сезілді. Сөйтсек, қабандар шығып жатыр. Оны көріп, камераны ұстай сала, артынан жүгірдік. Алдымыздан аталығы шығып қала ме деген ой кейін келді де, енді артқа қарай қашып барамыз. Қорыққаннан камераны құлатып алмағанымызға тәубе деп қайттық, – дейді Д.Ғауезханұлы.
Ал бірде ол ағаштың түбінде қалғып кетіп, оянғанында, үкінің ұясын көрген.
– Көзімді ашсам, алдымда сілеусін тұр, шошып кеттім. Анықтап қарасам, үкі екен, бауырында балапандары қозғалып жатыр. Қуанып кетіп, ақырындап қашып барамын. Кейін ғылыми қызметкерлерге үкінің ұясын көрдім деп айтсам, «Үкі балапаны үшін түлкі, қасқырға да атылатын құс дейді» деп түсіндірген. Керісінше, аман қалғаның үшін қуан дейді. Үкі де Қызыл кітапқа енген, бізде үш ұясы бар. Біреуін жақсы білемін, үлкен қарағайдың түбіне ұя салған екен, бұдан, расында, түлкі, қасқырдың өзі қорқады, – дейді Д.Ғауезханұлы.
Қорықтың көлдер жүйесі
Наурызым көлдерінің де өз ерекшелігі бар, негізінен су жүйесі Солтүстік көлдері деп аталатын Сарымойын және Ақсуат көлдерінен тұрады. Көлдердің 11 жылдық циклі бар, яғни бұлар депрессиялық көлдер, көбіне жауын-шашын, қар суынан жиналып толысады. 11 жылда қайтадан кеуіп, суы азая бастайды. Басшының сөзінше, былтыр көл өз арнасынан шығып кетіп, толған. Енді алда су кебе береді екен.
– Қазір он бір жылдай су болса, аң-құс көп болады, қалай су кетеді, жан-жануар азая бастайды. Дегенмен алаңдауға негіз жоқ, бізде қолдан жасалған көлдер бар, бұлақтар мен су қоймалары бар, – дейді Д.Ғауезханұлы.
Сарымойын мен Ақсуаттың суы тұщы болса, Жарман тұзды көлге жатады. Ақсуат пен Сарымойын аумағы құсқа өте бай, он түрлі балық тіршілік етеді. Аққулар, сұңқылдақ аққулар мен суқұзғынды да кездестіруге болады. Біз көлге барып үлгермесек те, ақбас тырнаны және орман ортасынан қарақұсты көрдік. Мұнда туристер жиі жүретін соқпақ бар, ары қарай соған жол тартып, бұлақ басына тоқтадық. Бұл бұлақтан бірнеше жыл бұрын сынама алынып, судың өте таза, сапалы екені анықталған.
Наурызымнан акула тісі табылған
Наурызым жерінде бұрын алып мұхит болған деген болжамдар бар, оған дәлел – Тірсек жерінен табылған акула тістері мен мамонт мүйізі. Қазір бұл заттай деректер Қостанай облысының тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Біз бұл музейге де жолай соғауды жоспарлап едік, алайда біз барған уақытта музейде реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатты. Бұрын жергілікті тұрғындар сол мұхиттың табанынан қалған тұзды жинап алатын деген әңгімелер де кездеседі.
Қазір қорықтың тарихы, өсімдіктер, жан-жануарлар жүйесі, топырағы, суы түгел зерттеліп жатыр. Қорықтың ғылыми бөлімі техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, ғылыми зерттеуге көп көңіл бөліп жатыр. Қорық әкімшілігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университетпен, Міржақып Дулатұлы атындағы Қостанай инженерллік-экономикалық университетімен, ғылыми институттармен, техникалық колледждермен, Астанадағы ботаникалық бақпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Аризона университетінің мамандары, Қытай, Америка, Германия, Ресей, Финдляндия, Ұлыбритания, Франция, Испания ғалымдары да ғылыми зерттеулер жасауға жиі келеді. Бүгінде қорық жанынан оқушыларға арналған «Экологиялық үйірме» жұмыс істеп тұр. Осы үйірменің түлектері, туған жердің өрендері арасынан табиғатты қорғау саласына қызметке келгендер де жетерлік. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары практикаға келсе, өзге өңірдің жастары жазғы лагерьге де жолдама алады. Бір сөзбен айтқанда, Наурызым – еліміздегі ғылыми орталықтың бірі десек артық емес.
– Тоқсан бес жылдық емес, алдағы жүз жылдыққа ерекше көңіл бөліп отырмыз. Сол себепті биыл құр мақтангөйлікті, бос ысырапшылдықты болдырмай, бар күшімізды ғылымға салсақ дейміз. Жүз жылдық мерейтойда ірі ғылыми конференция өткізу жоспарымызда, алдағы бес жылда ғылыми қызметкерлеріміз ізденісін арттырады, – дейді Дулат мырза да.
Елдегі ең үздік келу орталығы
Бұдан ары қарай дрон ұшырып, табиғат көрінісін алақандағыдай күйде көрдік. Одан соң туристерге арналған келу орталығына соқтық, бұл жерде бұрын Табиғат музейі жұмыс істеген екен. Ары қарай әңгімемізді директордың ғылыми ісі жөніндегі орынбасары Еламан Қазиханұлымен жалғастырдық.
– Туристер келген кезде, алдымен осы орталыққа кіргізіп, қорық жайлы ақпарат беріп, таныстырамыз. Орталық 2012 жылы салынған, бұрын бұл орталықтың орнында шағын Табиғат музейі жұмыс істеген. Қорықтың 80 жылдығы аясында реконструкциялық жұмыстар жүргізіліп, еліміздегі ең үздік келу орталығының біріне айналды. Келу орталығы ішкі туризмді, экотуризмді дамыту бағытында жұмыс істейді. Қыс кезінде немесе жазда аптап ыстық болып, қолайсыз жағдайда, қорық аумағы келушілер үшін жабық болады. Сондықтан осында қорықтың тыныс-тіршілігін, тарихын, көркем жерін таныстыру мақсатында жұмыстар жүргіземіз, – дейді ол.
Маманның айтуынша, қорықты қорғау жұмыстары өте жүйелі ұйымдастырылған, мысалы, қорық аумағының сыртында 116 мың гектарды алып жатқан қорғау аймағы бар, ал оның ені 2 шақырым болады. Екіншіден, бұл жерде заңнамаға сәйкес қорғау аймағында ауыл шаруашылығы қызметін жүргізуге рұқсат етіледі екен. Бұл – ауыл тұрғындарына жасалған үлкен мүмкіндік.
Наурызым жайында таңды таңға жалғап әңгіме өрбітуге болар еді, бірақ мың рет естігенше, бір рет көргеніңізді қаладық. Ендеше Наурызымға сіз де келіңіз, оқырман.
Айсұлу СЪЕЗХАН