Сәтбаевтағы қайғылы оқиға: терезедегі торға сүйенген бала көз жұмды

Қалған екі оқиғада балалар түрлі жарақат алып, зардап шеккен.

Соңғы екі аптада Ұлытау облысында балалардың терезеден құлауына байланысты үш қайғылы жағдай тіркелді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.  

Сәтбаев қаласы төтенше жағдайлар қызметінің аға инженері Анель Қадырғалидың айтуынша, жазғы маусым басталғалы қала аумағында осындай екі оқиға болған.

– Өкінішке қарай, бір бала қайтыс болды. Екінші бала қазіргі уақытта медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігі балалардың ересектердің қарауынсыз қалуынан болады. Сондай-ақ олар москит торларының қауіпсіздік құралы емес екенін ескертіп, оған сүйену немесе сену аса қауіпті екенін айтты.

Дәрігерлердің мәліметінше, биіктіктен құлаған балалар көбіне ауыр бас-ми жарақатын алып, ішкі ағзалары зақымданады. Осыған байланысты ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау және терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын орнату ұсынылады.