Сәбиін көтеріп курьер болған ана Алматыдан көшіп кеткен

Алматыда сәбиін көтеріп жүріп курьер болып жұмыс істеген ананың отбасы Шымкентке көшіп кеткен.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Вице-министрдің айтуынша, әлеуметтік желіде отбасының суреті жарияланғаннан кейін Алматы қаласының Әлеуметтік қорғау басқармасы мамандары олармен кездесіп, тұрмыс жағдайын зерделеген. Сондай-ақ отбасына һжұмыс ұсынылғанымен, олар бұл ұсыныстан бас тартқан.

Ербол Тұяқбаевтың сөзінше, министрлікке отбасының Алматыдан көшуіне нақты не себеп болғаны белгісіз.

«Нақты себебін білмейміз. Бұл – отбасының өз еркімен қабылдаған шешімі. Мүмкін, ата-анасы шақырған шығар. Кеше ғана Шымкент қаласының Әлеуметтік қорғау басқармасымен сөйлестік. Олар отбасының Шымкентте екенін растады. Ешқандай қысым көрсетілмеген», – деді вице-министр.

Осылайша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының Алматыдан Шымкентке өз еркімен көшкенін, ал оларға қысым жасалды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.