Алматыда қаржылық қылмысқа қарсы шара өтті

Байқау қорытындысы бойынша, үздік жобалар әрі қарай дамыту және қаржылық құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың практикалық қызметіне енгізу үшін қолдауға ие болады.

2026 жылғы 24-25 маусым күндері Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп, «AFM AI Hackathon 2026: қаржылық қылмыстарға қарсы технологиялар» атты республикалық байқауын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Ауқымды іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен келген 350-ден астам қатысушы, оның ішінде IT мамандар, деректер талдаушылары, бағдарламалық жасақтама әзірлеушілері, жасанды интеллект саласының сарапшылары және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысуда.

Хакатон «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ жастардың инновациялық әлеуетін дамытуға бағытталған.

Екі күн бойы қатысушылар келесі үш негізгі бағыт бойынша жобалар әзірлейді:

- Digital Shadow – көлеңкелі интернетті мониторингтеу және ашық дереккөздерден (OSINT) мәліметтер жинау;

- AI Shield – деректер базасын қорғауға және киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жасанды интеллект алгоритмдерін әзірлеу;

- AI Media Watch – әлеуметтік желілерде заңсыз ойын бизнесі мен қаржы пирамидаларының белгілерін анықтау.

AFM AI Hackathon 2026 жас мамандарға өз білімдері мен дағдыларын көрсетуге, қаржылық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелердің практикалық шешімдерін ұсынуға және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған заманауи технологияларды дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар әрі қарай дамыту және қаржылық құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың практикалық қызметіне енгізу үшін қолдауға ие болады.