Алматыда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында блогер қыздың әкесі тарапынан өзіне зорлық-зомбылық көрсетілгені туралы мәлімдемелері, сондай-ақ былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны бейнеленген видеосы анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл жария мәлімдемелер бойынша полиция тексеру жүргізіп, контент авторы мен оның ата-анасынан жауап алды. Тексеру нәтижесінде құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат расталмады.
Сонымен қатар, бейнежазбада блогердің тыйым салынған заттарды қолданғаны байқалған. Медициналық куәландыру есірткі заттарын қолдану фактісін растады. Бұдан бөлек, оның әрекеттерінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату белгілері анықталып, жиналған материалдар сотқа жолданды.
Полицияның мәліметінше, бұған дейін онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту берілген. Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.