Мемлекет басшысы Таиланд Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен кездесті

Бұл туралы Ақорда ресми хабарлады.

Мәртебелі мейманға ілтипат білдіре отырып, Мемлекет басшысы оның елімізге сапары Қазақстан мен Таиланд арасындағы қарым-қатынастың дамуына тың серпін беру тұрғысынан маңызды екенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

– Сіздің еліңіз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші экономикалардың бірі, Жаһандық Оңтүстіктің маңызды өкілі әрі халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі саналады. Қазақстан Таиландпен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Келесі жылы елдеріміз арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толуын атап өтеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты сауда-экономикалық байланыстар қарқыны үдеп келе жатқанына назар аударды. Бұған өзара визасыз режим, туристер ағынының жоғары көрсеткіші және іскерлік байланыстардың кеңеюі айтарлықтай септігін тигізіп отыр.

– Қазақстан – Таиландтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Өңірмен жалпы тауар айналымының 70 пайызы біздің елімізге тиесілі. Әйтсе де әлеуетіміз әлі жеткілікті деп санаймыз. Қазіргі кезде Қазақстан нарығында 55 таиландтық компания тіркелген. Сізбен бірге елімізге үлкен бизнес-делегация келген екен. Қазақстан іскерлік байланыстардың нығаюын құптайды әрі Таиланд компанияларын еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға шақырады, – деді Президент.