Қырғызстанның Кегеті шатқалында өзенге құлаған көлікте болған 6 жасар баланың мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Баланы іздестіру жұмыстары төрт тәулікке созылды. Іздеу операциясына жүздеген адам, оның ішінде Қазақстаннан барған еріктілер де қатысты.
Еске салсақ, 23 маусым күні Қырғызстандағы Кегеті шатқалында екі отбасы отырған жеңіл көлік өзенге құлаған.
Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, көлікте екі әйел мен бес бала болған. Әйелдер мен үш бала дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Алайда 12 жастағы қыз бен 6 жасар баланы өзеннің қатты ағысы алып кеткен.
Бұған дейін 12 жастағы қыздың денесі табылған болатын. Енді төрт күнге созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 6 жасар баланың мәйіті де табылды.